Мәдени шара жоғары деңгейде өтті

Түркістан облысына қарасты Сауран ауданы әкімдігі ішікі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жанынан құрылған «Сыр мен сымбат» қыздар клубы түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Аталған шаралардың барлығы да болашақ ана – бүгінгі жасөскін қыздардың өзіндік дамуына, жан жақты жетілуіне көп көмегін тигізері сөзсіз. Жуырда аталған ұйымның ұйымдастыруымен «Ұлттық тағам — ұлт бренді» тақырыбында қыздар арасында тәжірибе алмасу мәдени шарасын өткізді.
Мақсаты- Ұлттық тағамдарды жасай отырып, жастарға ұлттық тағамдардың үлкен еңбекпен жасалатынын түсіндірумен қатар қандай жолмен алынатынын түсіндіру және тағам түрлерін үйрету арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Жастарды ұлтжандылыққа, көргенділікке, шапшаңдыққа терең ойлай білуге, жан-жақтылыққа тәрбиелеу болып табылады.
Аталмыш шараны Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жасатар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Айгерім Ералықызы ашып беріп қыздар клубының мақсаты салт-дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіре білу, аналарымыз бен жас келіндер, қыздарымыздың арасында өнегелі тығыз қарым-қатынасты нығайта білу екендігін жеткізді. Алдағы уақытта да осындай берері мол мәдени іс шаралардың жалғасын табатынын жеткізді.
Қызықты әрі өнегеге толы қыздар мен өткен бұл бас қосуға Сауран аудандық «Асыл қазына» әжелер алқасының мүшелері, ауданның жас келіндері, және мектептің оқушы қыздары қатысты. Жасы үлкен апа-әжелер кейінгі буын қыздарға ақыл-кеңестерін айтып, білімдерімен бөлісті. Өмірлік қағида боларлық тәжірибелерінен сыр шертті.
Клуб мүшелері ұлттық тағам сірненің жасалу жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, сірне тағамын бірге жасап үйренді. Кимешек киген жасы ұлғайған апалар сірненің жасалу жолын тіптіштеп түсіндірді. Сірне — Жас төлдің етінен пісірілетін дәмді тағам. Қозы мүшесін жіліктеп қазанға салып, үстіне бие сүтін немесе жаңа тартылған сұйық қаймақ құйып, тұз салады да, буын сыртқа шығармай, бұқтырып жайымен қайнатады. Сонда сүт те, қаймақ та етке сіңіп, оның сүйегіне дейін жұмсарып пісіп шығады. Дәмі бал татитын тағамды жасап үйренген бойжеткендер әжелер алқасына алғыс айтты.