Министр отандық қант өндірісіне қатысты мәселе қалай шешілетінін айтты

0
237
Министр отандық қант өндірісіне қатысты мәселе қалай шешілетінін айтты

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда отандық қант өндірісіне қатысты мәселелерді шешу қалай жоспарланып отырғанын айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Қанттың жылдық тұтынуы шамамен 532 мың тонна, оның 7 пайызы отандық шикізаттан. Бұған шағын өндіріс, суаруға қажетті судың тапшылығы және қант қызылшасын өсірудегі қол еңбегі, қант зауыттарының құнсыздануы, ресейлік өндірушілердің бағаға қатысты демпингі себеп болып отыр», — деді Қарашөкеев Үкімет отырысында.

Ол сумен қамтамасыз ету, егіс алқаптарын 14,5 мың гектардан 38 мың гектарға дейін кеңейту, техникалық жарақтандыру, сондай-ақ саланы инфрақұрылымдық дамыта отырып, қант зауытын жаңғырту және салу жөніндегі жобаларды іске қосу есебінен жалпы өнім жинауды 332 мыңнан 1,8 миллион тоннаға дейін ұлғайту күтіліп отырғанын айтты.

«Қант өндірісін 7 есеге 254 мың тоннаға дейін ұлғайту, қант импортын 32 пайызға төмендету күтіледі, бұл ішкі нарықтың отандық өндірістегі қантпен қамтамасыз етілуін 7-ден 43 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді», — деді министр.

Оның айтуынша, мұндай нәтижелерге қолжеткізу үшін 5-6 жылға субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер беру арқылы мемлекеттік қолдау қажет.