Түркістанда дзюдодан ел чемпионаты өтіп жатыр

0
133
Түркістанда дзюдо күресінен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстан барлығы 820 жас балуан өзара бақ сынауда. Дүбірлі додада спортшылар жалпы 8 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды.
Жарыстың алғашқы күнінде ұлдар 50, 55 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде күш сынаса, қыздар 40, 44 және 48 келі салмақ дәрежелерінде өзара шеберліктерін байқады. Түркістандық дзюдо шеберлері жарыстың алғашқы күнінде қос алтынды қоржынға салды. Қыздар арасында 48 келіде сынға түскен, Сымбат Тағай алғашқы алтынды еншілесе, ерлер арасында 55 келіде Ернұр Батырғали қарсылас шақ келтірмей, ел чемпионы атанды.
Жарыстың екінші күнінде балуандар ерлер арасында үш салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасса, қыздар екі салмақта сынға түсті. Бұл күні түркістандық жас дзюдо шеберлері бір алтын мен бір күміс медальді қанжығасына байлады. 66 келіде үздік атанған Ислам Абай облыс құрамасының қоржынына үшінші алтынды алып келсе, 73 келідегі балуан Абдулла Абдукаримов күміс медаль алды. Айта кетейік, чемпионат 27 ақпанға дейін жалғасын таппақ. Үздік деп танылғандар Азия және әлем біріншіліктерінде ел намысын қорғайды.