Түркістан облысында 330 мектепке «Starlink» спутниктік интернет жүйесі орнатылып жатыр

Түркістан облысының шалғай ауылдарындағы білім ошақтары заманауи интернет желісіне қосыла бастады. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып өңірдегі 330 мектепке өнертапқыш әрі инвестор, «SpaceX» компаниясының негізін қалаушы Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет жобасы енгізілді.
Жалпы өңірдегі 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 581 мектепке жылдамдығы жоғары талшықты-оптикалық интернет желісі орнатылған. Жақында қосымша 33 мектепке орнату жоспарланып отыр. Ал 330 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, техникалық мүмкіндігіне қарай жылдамдығы 512 Кб/с — 20 Мбит/с құрайтын төмен жылдамдықты интернет желісінде отыр. Осы білім ұяларының 200-ден астамы «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ «SpaceX» компаниясы арқылы «Starlink» спутниктік интернетіне қосылды. Қалған 130 мектепке де жаңа интернет жүйесі таяуда орнатылады. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Қалған ауылдар сәуір айының соңында жаңа желіге қосылып, интернет мәселесі толық шешілмек.