«Worldskills Turkistan-2024» облыстық чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

0
111
Түркістанда техникалық және кәсіптік білім алушылар арасында «Worldskills Turkistan-2024» облыстық чемпионаты өтті. Жарыс нәтижесі бойынша өңірден республикалық кезеңге 35 сала бойынша 45 студент жолдама алды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, сәттілік тіледі.
Облыстық іріктеуде студенттер «Abilympics» графикалық дизайны және сән технологиясы, Агрономия, Аспаз ісі, «CAD» инженерлік графикасы, Бастауыш білім беру, Бизнеске арналған IТ шешімдері, Веб және дәнекерлеу технологиялары сынды түрлі кәсіптік салалар бойынша сынға түсті.
Айта кетсек, елімізде аталған байқау осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр өткен байқауда облыс қоржынында 34 алтын, 19 күміс, 26 қола, 37 айрықша медальон болған. Жалпы «WorldSkills» сайысы – кәсіптік бағдар беру, кадрларды даярлау, сарапшылар қоғамдастығын құру және еңбек өнімділігін арттыру, халықаралық стандарттарға негізделген техникалық мамандықтар бойынша жоғары технологиялық өндірістерді кадрлармен қамтамасыз ету тетіктері қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылады.