ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

0
76

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы Түркістан облысында жүзеге асырылып келеді. Облыс аумағындағы әлеуметтік нысандардың жағдайы облыс басшылығының назарында. Өйткені, аймақтың дамуының басты көрсеткіштерінің арасында тұрғындардың қоғамдық қарым-қатынасы, әлеуметтік жағдайларының жоғары болуы да маңызды. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сарыағаш пен Келес аудандарына іссапармен барды. Онда өңірдегі әлеуметтік және қоғамдық өзекті мәселелерді талқылау, шешу жолдарын қарастыру мақсатында жиын өткізді.
Мәжіліске аудан әкімдіктері және жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Тұрғындар тарапынан түрлі ұсыныстар айтылып, сауалдарға жауаптар берілді. Жиынға қатысушылар этносаралық қарым-қатынасты нығайту, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жөнінде пікір алмасты.
Зейнет жасына дейінгі ел азаматтарына «Күміс жас» жобасы, жастарға 12 бағыттағы мемлекеттік бағдарлама қарастырылған. Солардың ішінде облыстағы колледжерге гранттар мен «Серпін» бағдарламасының, 2,5 пайыздық жастарға арналған жеңілдетілген несие алудың мүмкіндіктері түсіндірілді. Ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік бойынша «Ауыл аманаты» жобасы туралы Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев толықтырды.
«Тұрақтылық пен келісімді сақтау тұрғысынан жауапты мекемелерден бөлек этномәдени бірлестіктердің, ел ағаларының белсенділігі қажет. Әсіресе жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мен татулықты берік ұстануға үлесі зор. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу мен жұмысты күшейтуді тапсырдым. Алдағы уақытта әр ауылдық округтерде қоғамдық кеңестер құру жоспарлануда. Этномедиацияға баса мән беріледі» деген облыс әкімінің орынбасары келушілердің талап-өтініштері орынды дейді. Олар негізінен жұмыспен қамту, жастарды қолдау, мектеп салу, зауыттар мен өндіріс орындарын ашу, диқаншылар өнімдерін экспортқа шығаруға ықпал етуді сұрады.
Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барды. Аудандағы этнос өкілдерімен, қоғамдық ұйым басшыларымен кездесу өткізіп, ел ағаларымен сұхбаттасты. Мәжіліс барысында бірқатар ұсыныстар айтылды. Олардың қатарында стадион салу, билбордтар орнату, мектеп жолы бойында асфальт салу, жарықшамдар орнату секілді өзекті мәселелер бар. Сонымен қатар ата-аналар балаларына деген жауапкершілікті арттырса деген тілек айтылды. Этнос өкілдерін мектепте бастауыштан бастап біріктіріп оқытуды ұсынды. Аудан деңгейінде шешілетіндерді жергілікті әкімдік қарастырамыз деді.
Мәжілістен соң облыс әкімінің орынбасары ауданда қарқынды жүріп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысын аралады. Бірінші кезекте Жылы су ауылдық округі, Баққоныс ауылында барып, ФАП құрылысымен танысты. Мердігер – «Construction Group SAMRUK» ЖШС. Жоба құны – 303, 208 млн теңге. Құрылыс нысаны 2023 жылы басталған.
Жетісай аудандық орталық ауруханасының күрделі жөндеуден кейінгі жағдайымен танысып, оң бағалады. Мердігер – «ҚазЕвроСтрой» ЖШС. Аурухана алдынан заман талабына сай қабылдау бөлімі ашылған. Оған қоса магнитті резонанстық томография медициналық құрал жабдығын орнату үшін қосымша ғимараттар бой көтерді. Сонымен қатар ауруханаға қосымша ангиограф медициналық құрал жабдығы орнатылған. Алдағы уақытта күрделі оталарды ауданда да жасауға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда науқастарға толық көлемде медициналық қызмет көрсетуде.
Қазыбек би ауылдық округіндегі 1972 жылы салынған №17 Түркістан жалпы орта мектебінде екі ауысымда 628 бала білім алады. Типтік білім ошағының ғимараты екі қабатты. Облыс әкімінің орынбасары күрделі жөндеуден өткізуге ұсыныс беруді тапсырды.