ӨНІМДЕРІМЕН ІШКІ НАРЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ҮЛЕС ҚОСУДА

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағдарламасында ауылдықтарға жеке кәсібін ашу үшін мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсету көзделген. Жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері ауылдағы еңбек етуге талпынып өз отбасын ғана емес, бірнеше ауылдасын да жұмыспен қамтуға әрекет етушілерге қолдау көрсетуде.
Түркістан облысының Сауран ауданындағы Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылды. Мұнда жылына 4000 тонна ет дайындауды жоспарлап отыр. Жалпы, мал бордақылау алаңы 2,5 гектарды құрайды. Мұнда ауылдық округтегі жергілікті 20-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге.
Кооператив асыл тұқымды мал санын арттырып, олардың өнімділігін көбейту мақсатында жұмыс жасап келеді. Кәсіпкер етті бағыттағы өнімді өндіріп, ішкі нарықты қамтамасыз етуді көздеп отырғанын жеткізді.
Ал, осы Оранғайдағы «Яссы құс» шаруа қожалығының құс фермасының жалпы жер көлемі – 2 гектар. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Итальяндық қондырғымен жабдықталған құс фермасында германиялық «Ломан ЛСЛ» тұқымды тауық өсіріліп, тәулігіне 80 мың дана жұмыртқа өндіріп ішкі нарықты қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Қожалықта құстарға берілетін қоспалы жемді өздері әзірлейді.