ӘР БАЛАНЫ ОҢАЛТУҒА КҮШ САЛАДЫ

Елімізде ерекше балаларды қоғаммен кіріктіріп, өздерін сол қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік жасау үшін оңалту орталықтары ашылып, оларда балаларға жан-жақты қамқорлық жасалып келеді.
Келес ауданында «Даму» ерекше балаларды оңалту орталығының жұмыс жасап келе жатқанына бірнеше жыл болды. «Даму» мүгедектер қоғамдық бірлестігі 2018 жылы маусым айында психоневрологиялық, тірек қимыл аппараты параличі, аутизм, тіл даму кедергісі диагноздары бар 30 баламен ашылып, бүгінде 60 бала оңалту қызметтерін алуда. Оның ішінде 12 бала толықтай оңалып, мектепке барды, 17 бала аяққа тұрды, 9 бала тілі шығып, нақты сұраныс жасай алады, 12 бала диагнозы жеңілдетілген сатыға ауысқан. Орталықта білікті мамандар қызмет көрсетеді. Олар әрбір бүлдіршіннің диагнозына қарай арнайы дайындалған әдістермен жұмыс жасау арқылы әр баланың ауытқуын жойып, толыққанды оңалып кетуіне күш салады.
Ауданда орталықтың тыныс-тіршілігіне белсене араласып, өздерінің үлестерін қосып жүрген кәсіпкерлер де бар. Олар түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға, мерекелерде балаларға қуаныш сыйлауға өз үлестерін қосып, балалардың дамуына қолдауларын көрсетіп жүр.
Мемлекет балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуды мақсат етумен бірге елдік мұратын жас ұрпақпен байланыстыратындықтан қазақстандық әр баланың дені сау, білімді болуына қажетті жағдайды жасауға мүдделі. Ал, бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін баласының дені сау, қоғамның толыққанды мүшесі болып бақытты өмір сүргенін, отанының дамуына үлес қосқанын көру бақыт. Сондықтан да ерекше балалар орталығының ұжымы мен ата-аналардың бірлесе әрекет етуі, бір-бірін қолдауы мұндағы балалардың оңалып кетуінің кепілі десек те болады.