БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛҒАН БАССЕЙНДЕР

0
78

Мемлекетіміз елдің болашағы балалар үшін барлық жағдайды жасауда. Жас ұрпақтың жан-жақты дамып, жетілуі отанымыздың болашақ азаматтарының дені сау, білімді, отаншыл болып өсуінің кепілі. Сондықтан да жазғы каникулда балалардың басым бөлігінің жақсы да жайлы демалуы мен жаңа оқу жылына жаңа күш-қуатпен оралуын қамтамасыз ету бағытында Түркістан облысында көптеген жоспарлы жұмыстар, қызықты іс-шаралар іске асырылуда.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен ауданда орналасқан білім ошақтарында демеушілер тарапынан жаңа 20 дана жиналмалы бассейндер орнатылуда. Тың жобаның негізгі мақсаты – бала қауіпсіздігін сақтай отырып, жазғы демалыста оқушылардың уақытын тиімді пайдалану. Ағын су қауіпінен болатын оқыс оқиғалардың алдын алып, бала өміріне араша түсу.
Жазғы маусымда оқушылар көп уақытын сыртта өткізеді. Әйтсе де көптеген қайғылы оқиға да сыртта, оның ішінде су айдындарында орын алып жатады. Сондықтан аудан басшысы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
Биыл Сауран ауданында 23 364 оқушының жазғы демалысы басталды. Оның 1451-і 11-сынып түлегі. Бастауыш сыныпта оқитын балалар үшін мектеп жанындағы лагерлер 3 ауысымда жұмыс істейді. Онда 9666 бала қамтылды. Қазіргі таңда бір ауысымда 3150 бала демалуда. Мыңнан астам оқушылар қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жіберілуде. Сонымен қатар, ауыл мектептерінен 150 оқушы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен демалады. Аталмыш қор қаражаты арқылы демалатын алғашқы 50 бала сауықтыру лагерлерінде демалуда.