АНА МЕН БАЛАҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қай мемлекет үшін болсын адам ресурстарының маңыздылығы орасан зор. Сондықтан демографиялық мәселеге ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе, біздің мемлекет сияқты жері ұлан-ғайыр, халқының саны аз елде демографиялық жағдай әрдайым билік назарында болуы тиісті. Республикамызда да жыл өткен сайын көпбалалы аналарға деген құрмет өсіп, олардың материалдық жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен шаралар, жеңілдіктер қатары көбейіп келеді. Ана мен баланы қорғау мен қолдау, баспанамен қамтамасыз ету, түрлі төлемдер мен жәрдемдер жасау арқылы отбасының беріктігін қамтамасыз ету, аналардың көпбалалылыққа ынтасын арттыру жүзеге асырылуда.
Елімізде туылатын балалардың жыл сайын жиырма бес пайызына дейінгілері дүние есігін ашатын Түркістан облысында демографиялық мәселеге көңіл бөлініп отырады. Көпбалалы отбасыларға жеке кәсібін ашып жүргіуге де қамқорлық пен қолдау жасалынады. Қытайға барған өткендегі жұмыс сапарында облыс әкімі Дархан Сатыбалды отбасылық бизнес қатты дамыған қытай провинциясында болып, отбасылық кәсіпкерлікті табысты жүргізу жолдары мен әдістерімен танысты. Болашақта біздің өңірде де отбасылық бизнесті қалыптастыру барысында көпбалалы отбасылардың өз кәсіпкерлігін табысты жүргізуіне мүмкіндіктер ашылмақ.
Таяуда Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова көпбалалы аналарды күміс алқа наградаларымен марапаттады. Бұл шара ана мен балаға деген қоғамның жоғары құрметі мен назарын көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиында сөз алған әкім көпбалалы аналардың қоғамдағы рөлі мен еңбегін ерекше атап өтті.
– Біз бүгін еліміздің болашағын тәрбиелеп отырған аналарды құрметтеп отырмыз. Көпбалалы аналарымыздың еңбегі орасан, олар тек өз балаларының ғана емес, бүкіл қоғамның игілігі үшін еңбек етуде. Баршаңыздың шаңырақтарыңызға береке тілеймін, – деді шаһар басшысы.
Бұл күнгі шарада оннан астам ана күміс алқа наградаларымен марапатталды. Әрбір анаға арнайы куәлік пен сыйлықтар табыс етілді. Бұл шара қоғамдағы көпбалалы аналардың еңбегін бағалап, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге, жас аналарға өнеге етуге арналған. Көпбалалы шаңырақта туып, тәрбиеленген балалардың басым бөлігі көпшіл, отаншыл, еңбекқор болып есейеді. Яғни отбасылық кәсіпкерлікті жүргізуде де мұның пайдасы мен артықшылығы көп.