ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
90

Отырар аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Көлбай Жалғасбай ашып, жүргізіп отырды. Жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері мен бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші жас ұрпақтың саналы да отаншыл болып өсуіне ана мен балаға қамқорлық пен қолдаудан бастап балабақша, мектеп қабырғасындағы берілетін білім мен тәрбиенің де әсері мол. Әсіресе жеткіншектердің өтпелі жастарында оларды назардан тыс қалдырмай уақытын тиімді өткізуге мән берілуі қажет. Сондықтан да қоғамдық кеңестің басқосуындағы қаралған басты мәселенің бірі –жас ұрпақтың мәселесі болды.
Кеңес отырысында алдымен күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов баяндама жасап, жастар арасында саяси-идеялогиялық тәрбие жұмыстарының жүргізілуі мен тәрбие беру бағдарламаларының орындалуы туралы айтып өтті. Жалпы аудан бойынша 2024 жылы 14-35 жас аралығындағы жастарға талдау жасалған. Дерекқор бойынша ауданда 15974 жас бар. Оның ішінде жалпы өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар саны – 8753, мемлекеттік қызметкерлер – 39, азаматтық қызметкерлер – 841, жұмыссыздар – 215, тұрақты, уақытша жұмыспен қамтылған жастар – 321, студенттер – 4998, әскер қатарындағылар – 168.
Аудандағы жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту шаралары бойынша жыл басынан бері «Жастар практикасы» бағдарламасына 98 жас, қоғамдық жұмысқа 86 жас тартылып жұмыспен қамтылса, алғашқы жұмыс орындарына – 36 жас тартылған. Жастар арасында мемлекеттік бағдарламалар бойынша – 31 рет түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 4971 жасқа арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша кеңестер берілген.
Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері Бегалы Әймішов, Нұржан Дайрабаев, Бақытжан Сапарбай, Мария Белгібаева, Төрехан Амантай, Оңалбек Тоқбергеновтер жастар тәрбиесіне қатысты сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныс-пікірлерін айтты. Аудан әкімі жиында көтерілген мәселелердің маңыздылығын айта келе, айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып алдағы уақытта жұмыстарды үйлестіруді жауапты сала басшыларына тапсырды.
Жиын соңында аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты айтылған сын-ескертпелерді назарға алып, тиісті жұмыстарды атқаруды жауапты сала басшыларына жүктеді. Аудан басшысы аталған жұмыстардың орындалуы өз бақылауында болатынын жеткізді.