ҰЛТТЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

0
114

Мемлекет тарапынан қабылданып, жергілікті жерлерде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар өңірлердің дамуына қарқын берері анық. Оның ішінде ауылдық жерлердің инфрақұрылымдарының дамуына, қала мен ауылдың айырмашылығын азайтуға, ауыл тұрғындарына заманауи технологиялар мен озық әдістерді өз өмірінде күнделікті тұтынуға мүмкіндіктер ашады.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округіне арнайы іссапары барысында, Жылға және Шымырбай елді мекендерінде акушерлік-дәрігерлік пунктінің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Аудан басшысы мердігер мекеме өкілімен кездесіп, бастау алған құрылыс жұмыстарын бақылады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бастау алған құрылыс нысанында қазаншұңқырын қазу, жер жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі медициналық нысанының ауыл үшін маңызы зор және оның сапалы салынуы басты шарт екенін айтып өтті. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының уақытылы жүргізілуін қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертіп, тиісті бөлім басшысына осы жұмыстарды үнемі назарда ұстауды жүктеді.
Аудан басшысы Қабланбек ауылдық округі, Қанағат елді мекеніне арнайы барып, «Ауыл–ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысымен танысты.
Мәдениет үйі мен кітапхана нысанының құрылысы үшін бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме тарапынан нысанның сыртқы әрлеу жұмыстары және суағар орнату жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда, ғимараттың едендерінің бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, аудан басшысы Арман Абдуллаев атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын бақылай отырып, мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, халық игілігіне пайдалануға беруді тапсырды.
Сондай-ақ, аудан әкімі Сарыағаш қаласының аумағында салынып жатқан спорт және балалар ойын алаңшаларының, оларды абаттандыру нысандарының құрылыс барысын аралап, мән-жайымен танысты.
Қазіргі таңда, Сарыағаш қаласына қарасты Қасымбеков көшесі бойында №3, №4 көп қабатты тұрғын үйлер орналасқан аумақта балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Кіші спорт алаңшасының құрылыс нысаны қоршалып, ойын алаңшасы тегістелініп қойылған.
Сонымен қатар, аудан басшысы қалаға қарасты Қалаубаев көшесінде құрылыс жұмыстары аяқталған спорт және балалар алаңшасының жаңдайын пысықтады. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарын саралай келе, пайдалануға берілуге жоспарда тұрған балалар ойын алаңшасы және кіші спорт алаңшасы бойынша мердігер мекеме басшысына орнатылған 2 дана футбол қақпасының сапасы бойынша ескертулер беріп, қалпына келтіру бойынша тапсырмалар жүктеді.
Одан бөлек, қала кіреберісінде бой көтеріп жатқан 4 га жерде саябақтағы егілген жасыл екпелердің металл қоршауларын орнату жұмыстарының барысын саралады. Аталған құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекеме өкіліне металл қоршауларын құрылыс стандарттарына сәйкес сапалы атқару қажет екенін ескертіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.