ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАНУДА

Өңірлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда. Оның ішінде нысандарды табиға газга көшірумен қатар әдеттегіше жылыту маусымында көмірмен қамтамасыз етуге дайындық жұмыстары да жүргізілуде. Түркістан облысында кезекті жылыту маусымына дайындық басталды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы мәселеге жауапты басшыларды жинап, тиісті тапсырмалар берді. Мәжілісте өңірге көмір жеткізу бағытындағы жұмыстар туралы есеп беріліп, жоспарлар жасалды.
– Жылыту маусымында өңірде көмірден ешқандай проблема болмауы тиіс. Мектептер, ауруханалар және өзге де бюджеттік мекемелердің көмірмен қамтылуы қадағалансын. Тасымалдаушы компаниялармен келісімді ерте жасап, тасымалды жеделдетіңіздер. 1 қыркүйекке дейін білім ұялары көмірмен қамтылуы қажет. Әр аудан, қала әкімі жылыту маусымына дайындықты қатаң қадағалап, тиісті жұмыстарды уақтылы атқарсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбековтың айтуынша, 2024-2025 жылдарға арналған көмірмен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Өңірдің жалпы қажеттілігі – 778 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік мекемелерге қажеттілік – 104,5 мың тонна болса, жылу беретін кәсіпорындарға – 4,8 мың тонна, жеке тұрғындарға – 386,1 мың тонна, жылыжайларға 282,9 мың тонна көмір қажет. Мамыр мен шілде аралығында 88,2 мың тонна көмір жеткізілген.
Облыста елді мекендерді газбен қамту, бюджеттік мекемелерді, білім ұяларының қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыру жұмыстары қарқынды. Соның нәтижесінде биыл тұрғындардың көмірді тұтыну көлемі 82 мың тоннаға төмендесе, бюджеттік мекемелердің көмірді тұтыну көлемі 36 мың тоннаға төмендеген.
Елдімекендерді көгілдір отынмен қамту, білім ошақтарының қазандығын газ жүйесіне ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Соның нәтижесінде биыл тұрғындардың көмірді тұтынуы 82 мың тоннаға төмендесе, бюджеттік мекемелерде бұл көрсеткіш 36 мың тоннаға азайды. Облыс әкімі әлі аталған жүйеге көшпеген мектептерді 1 қыркүйекке дейін қара отынмен қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыс әкімі жылыту маусымына дайындықты талапқа сай жүргізуді тапсырғандықтан қала, аудандарда бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар атқарылып, өңір басшылары бұл жұмыстарды өз бақылауында ұстап отыр. Осы ретте Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың төрағалығымен 2024 — 2025 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын үйлестіру мақсатында арнайы жиын өтті.
Аудан әкімі аудандағы мектептер мен мәдениет ошақтарындағы, денсаулық сақтау мекемелеріндегі қажетті көмір отынымен қамтамасыз ету шараларын тездету керектігін айтты.
Биыл жалпы аудан бойынша алынуы жоспарланған 37 917 тонна көмірдің 31 586 тоннасы тұрғындардың, 6331 тоннасы бюджеттік мекемелердің қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Бүгінде сұраныстың 564 тоннасы ғана тасымалданған.
Өткен жылы елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде қатты отынға деген сұраныс 2023 жылмен салыстырғанда бюджеттік мекемелерде 14,5 пайызға, тұрғындар арасында 25,6 пайызға төмендеп, 184 бюджеттік мекеменің 114-іне сығымдап шаю жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, аудандағы 9 бюджеттік мекеменің жылу жүйелерін табиғи газға ауыстыру үшін облыс қазынасынан 230 млн 870 мың теңге қаралып, 3 денсаулық сақтау нысанының мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталған. Қалған 6 білім беру нысандарына мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда.
Облыстың аумағында бюджеттік мекемелердің, тұрғын үйлердің жылу жүйелерін табиғи газға ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, облыс аймақтарында әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау, олардың тұтынуына қажетті көмірді тасымалдау жұмыстары жалғасуда.