АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТУГЕ ЖЕРГІЛІКТІ АЗАМАТТАР ДА ҮЛЕС ҚОСУДА

0
95

Мемлекет басшысының ауыл мен қала тұрғындарының өмір сүру деңгейіндегі айырмашылықтарды азайтып, ауылдықтардың да жайлы өмір сүруіне жағдай жасау қажеттігін айтып келеді. Республика басшысының осы бағыттағы алға қойған міндеттерін орындауды қамтамасыз ету үшін түрлі бағдарламалар іске қосылған. Олар бойынша өңірлерде жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар туған жерлеріне қолынан келгенінше қолдау білідіруші кәсіпкерлер мен іскер жандар да аз емес.
Жұмыс сапарымен Аққұм ауылдық округіне барған Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы алдымен Аққұм ауылындағы дәрігерлік амбулаториясының құрылыс жұмыстарымен танысып, ауыл ақсақалдарымен кездесті.
Аққұм ауылдық дәрігерлік амбулаториясының құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында басталған. Құрылыс басқармасының тапсырысы негізінде салынып жатқан нысанның іргетасын құю жұмыстары атқарылуда. Мердігер мекеме «Real Story Invest» ЖШС өкілдерінің айтуынша нысанның құрылыс жұмыстары желтоқсан айында толық аяқталады деп күтілуде.
Аудан басшысы аталған нысанның ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы зор екендігін айта келе, құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін атап өтті.
Мұнан соң Аққұм ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысымен танысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Елдімекендегі ауыз су жүйесі тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылы жүргізілген болатын. Аталған нысан бүгінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Аудан әкімі көтерілген мәселе кезек күттірмейтін өзекті мәселенің бірі екенін айтып, жауапты сала мамандарына заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
«Туған жерге туыңды тік» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Ұядан қияға ұшып, ат жалын тартып азамат боп кетсе де, туған жерге деген құштарлық сезім әркімнің ет жүрегінде от болып алаулап тұратыны айдан анық.
Көксарай ауылында ауыл азаматтарының демеушілігімен іске асып жатқан игілікті істер сөзіміздің дәлелі болары сөзсіз. Ауыл орталығынан «Көксарай» естелік саябағы мен спорт кешенін салуға дәнекер болған азаматтардың ісіне ауыл халқы дән риза.
Сондай-ақ, аудан әкімі жұмыс сапары барысында Көксарай ауыл округінде демеушілер есебінен іске асып жатқан нысандарды аралап, игі іске қолдау көрсеткен кәсіпкерлермен кездесті.
«Көксарай» естелік саябағының аумағы 0,26 гектарды құрайды. «TOLAGAI-2050» ЖШС директоры Жанысбеков Оразханның демеушілігімен салынып жатқан саябақ құрылысы 2024 жылы басталған. Аталған орын ауыл тұрғындары үшін рухани-танымдық маңызы бар орталық болмақ. Сонымен қатар ауыл тұрғындары көптен күткен «Толағай» спорт кешені де ауыл азаматы Нүркен Есмұрзаевтың қолдауымен бой көтеруде. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдалана отырып олардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында салынған кешеннің құрылысы 2023 жылы басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызға жуғы аяқталып, жуық арада ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Аудан басшысы игі істердің басында жүрген ауыл азаматтарына шынайы алғысын айтып, туған жерді түлетуге атсалысқан жандарға ризашылығын жеткізді.
Мұнан соң ауыл шаруаларын ағын сумен қамтамасыз ететін «Көксарай» каналында болып, өзекті мәселелермен танысты. 1968 жылы салынған каналдың сыйымдылығы 1,5 куб. Аралау барысында «Көксарай» каналына тоспа салу, «Есіркеп» каналына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу, «Сулы» каналының насосын жаңарту секілді мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, Көксарай ауыз су бекетінің жағдайымен танысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде тұрғындары тарапынан термалды жылы суды мұздату құрылғыларын орнату, Шеңгелді елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін жөндеу секілді өтініштер айтылды.
Аудан әкімі көтерілген мәселелерді саралап, заң шеңберінде тиісті жұмыстарды атқаруды жауапты сала басшыларына тапсырды.