АУЫЛДАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТАДЫ

0
110

Елімізде ауылды жерлер мен қалалық жерлердің тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен жайлылығы арасындағы алшақтықты жою үшін мемлекеттік бағдарлама, жобалар қабылданып жүзеге асырылуда. «Жайлы мектеп» жобасы ауыл білім ошақтарыныі заманауи талапқа сай болуын қамтамасыз етуге арналған болса, ал «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы ауылдық елдімекендердегі заманауи медициналық нысандарды көбейту арқылы ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау, медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында қолға алынған.
Ауыл мен қала тұрғындарының өміріндегі айырмашылықты азайтуға байланысты алға қойған міндеттерін орындау жолында Түркістан өңірінде медицина және білім нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол жұмыстар жіті қадағалауға алынған.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барып, құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Атап айтар болсақ, Қарабастау, Бөген және Еңбекші елді мекендеріндегі фельдшерлік акушерлік пунктің құрылысын, сондай-ақ Көлтоған ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын бақылап көрді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жоба аясында Ордабасы ауданында 1 дәрігерлік амбулатория (Бөген ауылдық округі, Бөген ауылындағы ДА құрылысы), 2 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы (Бадам ауылдық округі, Қарабастау ауылындағы ФАП, Төрткөл ауылдық округі, Еңбекші ауылындағы ФАП) жүруде. Бүгінгі таңда аталған 3 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне сәйкес жеңімпаз мекеме анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқаруда.
Облыс әкімінің орынбасары мердігер мекемелерге ғимараттардың құрылысын сапалы жүргізу, жұмыс кестесіне сай аяқтау, жұмысқа жергілікті тұрғындарды тарту туралы тапсырмалар берді.
Айта кетейік, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында өңірде 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы басталды. Атап айтқанда, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынады деп көзделген.
Облыста салынып жатқан заманауи медициналық мекемелерде еңбек ететін мамандардың сапасы мен біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда, 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіруде. Ал биылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлініп отыр. Осы қадам арқылы акушерлер, гинекологтар, аллергологтар, иммунологтар, анестезиологтар мен реаниматологтар, нейрохирургтар, балалар хирургтары, гастроэнтерологтар және өзге де мамандар даярланады.
Медициналық нысандардың құрылысы бітіп пайдалануға берілген кезде, оларда жұмыс жасап, тұрғындарға қызмет көрсететін медициналық мамандардың арнайы курстардан соң біліктілігі артып, тәжірибесі молайып, жаңа да заманауи медициналық жабдықтарда сапалы жұмыс істей алатын болады. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі медициналық қызмет көрсету сапасын арттырумен бірге ауылдықтардың денсаулығының деңгейінің жоғарылай түсуіне де ықпал етеді.