ЖАС ҰРПАҚ БОЛАШАҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БАСҚОСУ БОЛДЫ

0
79

Қазақстан Республикасының президенті Қ.Тоқаев өзінің ел болашағы туралы айтқан сөздерінде жас ұрпақ мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Ол мемлекеттің сындарлы да тұғыры мықты, заманауи жетістіктерді игеріп, бәсекеге қабілетті елге айналуы үшін бірінші кезекте жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі саласына ерекше мән берілуі қажеттігін, балаларды тәлімді тәрбие мен сапалы білімге сусындатумен қатар отаншыл да жан-жақты белсенділікке баулу қажеттігін ерекше атап көрсетіп отырады. Ұлттық дәстүрдің де озығын пайдаланып, мына зымыран заманға ілесе алатын ұрпақ қана Ел болашағына мықты тірек болады, деген еді.
Әрине ұлттық негіздегі тәрбие мен имандылық, адамгершілік, адалдыққа тәрбиелеу де тұлғаның қалыптасуындағы маңызды факторлар. Заман талабына сай ата-аналар сандық технолоия, робототехника, басқа да заманауи жетістіктерге жеткізу үшін балаларын түрлі үйірмелерге қатыстырып, білуге, игеруге құштарлығын оятуы қажет.
Соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алып келеді. Дегенмен баланы қорғау мен қолдауға байланысты шаралардың арасында дін саласында жас ұрпаққа қатысты бұра тартудан сақтандыруға да мән беріліп отыр. Кәмелет жасына толмаған балаларды дңни сауат ашу деген сылтаумен түрлі діни курстарға тартып басын қатыру да байқалады. Таяуда Сарығашаудандық мешітінде баланы қорғау, жас ұрпақтың болашағын ойлау бойынша басқосу болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Сарыағаш аудандық орталық мешітінің ұйымдастыруымен аудан әкімі Арман Абдуллаевтың және  құқық қорғау органдарының қатысуымен еркін форматта жиын болып өтті.
Жиын барысында соңғы кездері әр елді мекендердегі мешіт жанынан діни сауат ашу деген атаумен шағын медресе салу үрдіске айналып, жергілікті тұрғындардың көмегі (садақа жинау) арқылы мешіт жанынан заңсыз құрылыстар жүргізілуде. ҚМДБ жарғысына сәйкес, мешіттер жанынан сауат ашу курстарын жүргізу мектеп оқушыларының жазғы немесе қысқы демалыс уақытында, ата-аналарының ресми келісімі негізінде жүзеге асырылады және тек қана күндізгі уақытта оқытылатыны туралы талқыланып, ой-пікірлер ортаға салынды.
Жиынды қорытыдылай келе, аталған жайттарды ескере отырып, аудан әкімдігі тарапынан аудан аумағындағы жер учаскесіне құжаттары рәсімделмеген мешіттерді құжаттандыру және мешіт құрылысын жобалау мен салу мәселелерін реттеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында жұмысшы топ құрылып, заңсыз әрекеттердің барлығы алдағы уақытта  жұмысшы топтың мүмкіндіктері арқылы жүргізу бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, аудан әкімі имамдарға мешітке келетін жамағатқа, түрлі деңгейдегі астарда елді бірлікке, ынтымаққа шақыруда жүйелі жұмыс жүргізу керектігін атап өтті. Кездесу соңында аудан әкімі Арман Абдуллаев дін өкілдері тарапынан айтылған барлық ұсыныстарына қолдау көрсететінін жеткізді.
Айта кетсек,  ауданда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 91 мешіті және 6 намазхана тұрғындарымыздың игілігі үшін жұмыс жасап келеді. Бұл облыстағы мешіттердің 4/1 бөлігін құрап отыр. Мешіттерде білікті де білімді имамдар уағыз айтып, өздеріне тиісті жұмыстарды атқарып келеді.