ЖӨНДЕУ, ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ МЕРЗІМІНДЕ БІТУІ ТИІС

Қай мемлекеттің болсын негізгі байлығы –адамдары. Өйткені сол мемлекеттің халқының санын құраумен қатар сол мемлекеттің барлық саласы да ол адамдарсыз өркендемейді. Сол себепті де Қазақстан Республикасында да қазақстандық азаматтардың денсаулығы мықты болып, жан-жақты дамып, жайлы өмір сүруіне жағдай жасауды басты мақсаттардың бірі санайды. Өйткені азаматтардың денсаулығын қорғау мен сақтау ел экономикасының, жалпы барлық саласының дұрыс дамуының кепілдерінің бірі. Денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға қолжетімді ету, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, медициналық нысандардың заман талабына сай болуы мен сапалы құралдармен жабдықталуы мәселелері бойынша Түркістан облысында да тұрақты жұмыс жасалып келеді.
Жылдағыдай жоспарға сәйкес Түркістан облысында денсаулық сақтау нысандарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басшыларды жинап, құрылыс барысын пысықтады. Медицина саласының инфрақұрылымын жақсартуда олқылыққа жол берілмеуі керек екенін айтты.
– Әрбір нысанның күрделі жөндеу жұмысы, құрылысы бақылауда тұр. Мердігерлермен дұрыс жұмыс жүргізіңіздер. Жауапты басқарма басшылары әрбір нысанның басы-қасында жүріп, жұмысты үйлестірсін. Нысандардың құрылысы, материалдары, сәулетіне мән берілсін. Жоспардан ауытқу болмасын. Кестеде қай уақытта беріледі, дәл сол уақытта тапсырылуы тиіс. Жұмысты ширату бағытында ұсыныс беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте өңірде күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандардың қазіргі жай-күйі айтылды. 2024 жылға 7 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Бүгінгі таңда 3 нысан – Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасы, Созақ аудандық орталық ауруханасы, «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханаларының ЖСҚ-лары мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
Кентау қалалық орталық ауруханасына, Келес аудандық «Абай» ауруханасына және Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты «Боралдай» медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін орын ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарына мердігерлер анықталған. Жұмыстар басталған. Өңір басшысы осы нысандарға қатысты мәселелерді толық шешуді тапсырды.
Жалпы, денсаулық сақтау саласының халыққа сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін, әсіресе, ауылды жерлердегі медициналық нысандар мен денсаулық сақтау мекеме, бөлімшелерінің жеткілікті болуына қол жеткізілуі керек. Бүгінгі таңда облыстың ауылды елді мекендерінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарына қажеттілікті толық қамтамасыз ету бойынша 2 бағытта жұмыстар жүргізілуде. Олар: жекеменшік клиникасы бар ұйымға ауыл тұрғындарын тіркеу арқылы, медициналық нысан салу және әлеуетті инвестор салған дайын ғимаратты сатып алу арқылы іске асыру. Осы 2 бағытта Денсаулық сақтау басқармасының дайын үлгілік жобаларын қолдану арқылы бірыңғай нысандар салынады деп жоспарланған.