ТҮРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕН СОҢ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын үкімет» ретінде әр аймақ басшылары өз өңіріндегі тұрғындармен жиі кездесіп, жеке қабылдаулар өткізіп олардың өтініш-тілектеріне, сын-ескертпелеріне құлақ асып қана қоймай оны жүзеге асыруы қажеттігін айтқан болатын.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбаевпен кездесуге келген “Отырар” тұрғын алабының тұрғындары Жаңа қала аумағындағы көпқабатты үйлердің сапасын, ойын алаңшалары бойынша мәселе көтерді.
Бұл бағытта қала әкімінің ұйымдастыруымен соңғы 2 жылда бірқатар жұмыстар атқарылды. Арнайы штаб құрылып, жұмысшы топтар жасақталды. Нәтижесінде 89 көпқабатты үй зерделеніп, 37 ақаулық акті түзілді. Әкімдік тарапынан 13 мердігерге хат жолданып, кемшіліктер қалпына келтірілді. Ал, 4 мердігер мекемеге соттың шешімімен айыппұл салынса, 7 мердігер мекеменің сот шешіміне сәйкес есеп шоттары бұғатталды.
Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков:
— Барлық жұмыстың өз заңдылығы бар. Осы ретте баспана сапасына қатысты “әкімдік қалай қабылдаған” деген сұрақтар туындап жатады. Құрылыс сапасын техникалық қадағалаушы, авторлық бақылаушы мекемелер тексеріп, қорытынды береді. Сол қорытынды негізінде құрылыс нысандары қабылданады. Қазіргі таңда қолданыстағы заңға сәйкес мердігер мекемелер кепілдік мерзіміне сәйкес ақаулықтарды түзету жұмыстарын жүргізуде. Кепілдік мерзімі 5 жыл.
Біз үшін тұрғындардың жайлылығы маңызды. Олқылықтарға жол бермеу үшін мен құрылыс барысында азаматтық бақылауды күшейтуді тапсырған болатынмын. Қазіргі таңда қала аумағында белсенді азаматтардың қатысуымен қадағалау жұмыстары күшейтілді. Нысандарды қабылдау алдында біз Сіздердің пікірлеріңізді тыңдаймыз, — деді.
Тұрғындардың талап-өтініштерін саралай келе қала әкімі сұрақтарға толымды жауап беріп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков “Отырар”, “Шауғар” тұрғын алаптарындағы кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдау барысында тұрғын үй кезегі, жұмыспен қамту, үйіргелік жер кезегі, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау мәселелері көтерілді. Кей сұрақтар бойынша тұрғындарға заң талаптары түсіндірілді.
Қабылдауға кірген 13 азаматтың өтініштері бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Келесі кезекте әрбір сұрақ-өтініш бойынша заң шеңберінде жұмыстар жүргізілетін болады.
Қабылдауға қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қала прокуроры Каукен Нәрікбаев, қалалық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық мәслихат депутаттары Бекахмет Абусейітов, Ғалымжан Худияров, Жамила Сүлейменова, Самат Рысбеков қатысты.
Жалпы жыл басынан бері 95 азамат шаһар басшысының жеке қабылдауында болып, нәтижесінде 112 тапсырма белгіленген болатын. Оның 109-ы орындалып, 3 тапсырма орындалу сатысында.
Ал, Түркістан қаласындағы Бекзат пен Сауран секторларының тұрғындарымен су, газ, кәріз, жарықтандыру жүйесі, ойын алаңшалары сияқты бірқатар мәселелер бойынша қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков пен бөлім басшылары және «Түркістан-Су», «QAZAQGAZ AIMAQ» мекемелерінің мамандары кездесті.
Кездесуге келген Бекзат секторының тұрғыны ауыз су қысымының төмен екендігін айтып, қашан қалыпқа келетінін сұрады. Мәселеге жауапты «Түркістан-Су» мекемесі директорының орынбасары Сейілбек Дайрабай жақын уақытта аталған мәселені шешіп, сондай-ақ, Бекзат секторындағы Саялы, Қорлан көшелерінің сағат 17:00-ден кейінгі су қысымын ретке келтіретінін жеткізді. Жалпы шаһарда 36500 абонент ауыз сумен қамтылған.
Бекзат секторындағы халықты алаңдатқан тағы бір мәселе – кәріз жүйесі. Бұл сұраққа сала мамандары жоспарға сай рет-ретімен кәріз құбырларының орнатылып келе жатқанын және тұрғындар айтқан аумақтардың да алдағы уақытта кәріз жүйесімен қамтылатынын айтып түсіндірді.
Сауран секторындағы кездесуде тұрғындармен табиғи газ мәселесі талқыланды. Тұрғын-үйлердегі кейбір пәтер иелерінің дербес шоттары ашылмағаны анықталып, «QAZAQGAZ AIMAQ» өкілдерімен бірге шешуге келісімге келді.
Сонымен қатар, 1 мөлтек аудандағы 6-үйдің аула жарығын қосу бойынша айтылған тұрғындар өтінішіне сай тиісті бөлім басшысы жарықтың 10 күнде қосылатынын жеткізді. Дәл осы үйдің ауласындағы ойын алаңшасының құрылысы аяқталмағанын айтып, мердігер мекеменің сотқа жолданғанын, алдағы уақытта тиісті шаралар қолданылатынын түсіндірді.