САПАЛЫ АУЫСЗУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТУ ЖҮЗЕГЕ АСЫП КЕЛЕДІ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру кешенді мәселе. Өйткені, өңірлердің қуатын арттыру дегеніміз жан-жақты дамытуды жүзеге асыру болып табылады. Әлеуметтік-экономикалық даму, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту, жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету, ана мен баланы қорғау және қолдау, бәрі де өндірісті дамытумен қатар инфрақұрылымды жақсартуға, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге жеткізеді. Сонда өңір қуатты болып, мемлекетіміз қарқынды даму жолына түседі.
Бүгінде бүкіл әлемде ауызсу, таза су мәселесі күрделеніп келеді. Осындай жағдайда барлық су ресурстарын үнемдеу мен тиімді пайдалану қажет. Сөйте тұра халыққа сапалы ауызсу жеткізу маңызды. Сондықтан да, Түркістан облысын сапасы ауызсумен қамту үшін биыл 61 жоба қолға алынып отыр. Ол жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен 14,1 млрд теңге бөлінген. Ал жыл соңына дейін 35 нысан ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.
Қазіргі таңда Түркістандағы ауылдардың 97,3 пайызы ауыз сумен қамтылған. Осылайша еліміздегі статистика бойынша өңір 7 орынға тұрақтады. Былтыр аймақтағы ақуалды жақсарту үшін 70 нысанға құрылыс жүргізіліп, 20 елдімекен тіршілік нәріне қол жеткізді. Ол үшін бюджеттен 18,6 млрд. теңге бөлінген.
«Қаладағы 8 жобаға 1,9 млрд тг, ауылдардағы 53 жобаға 12,2 млрд тг қарастырылған. Осы жұмыстардың қортындысымен сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша қалалар 100 пайыз, ауылдар 98,1 пайызды құрайтын болады. 12 елді мекенде құрылыс жүреді. 3 елді мекенде ағымдағы жөндеу жұмысы жүреді, 14 елдімекенде кешенді блок модулі орнатылады. Оның үшеуі орнатылды», – дейді ТО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков.
Былтыр Бәйдібек, Қазығұрт, Төлеби, Жетісай мен Мақтаарал ауданында 9 ауылдың тозығы жеткен құбырлары ауыстырылды. Ал биыл 12 елді мекенде жөндеу жұмысы жүргізілуде. Дегенмен өңірде әлі күнге суды кестемен ішетін аудандар бар. Сондықтан облыс басшысы жауаптыларға осы мәселені шешуді тапсырды.
«Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Жетісай, Мақтаарал, Арыста суды кестемен ішіп отыр ғой. Бұл судың жетіспейді дегенін білдіреді. Ауызсумен қамту жұмыстары жауапкершілікпен атқарылуы тиіс. Тапсырысты уақтылы орындамай, ауызсуды кешіктірген мердігерлермен заң аясында жұмыс жүргізіңіздер. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр», – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Осылайша халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарын жүзеге асыру мақсатында биыл қазынадан бөлінген 14 млрд теңгеге 61 жоба жүзеге асырылуы қажет. Оның 53-і ауылдық жерде жүзеге асады. Нәтижесінде былтырдан өтпелі 34 және 1 жаңа нысан жыл соңына дейін аяқталады. Ал барлық жоба толық жүзеге асқан кезде халық түгелге жуық сапалы ауызсуды тұтынатын болады.