ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫСТЫ НЫҒАЙТУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСУДА

0
58

Ауылды жерлердің инфрақұрылымын жақсарту мен сапасын көтерудің ауыл шаруашылығының дамуына оң әсер ететіні белгілі. Сондықтан да мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуды еселеп көбейту жөнінде тапсырма бергенде, аудан, ауылдардағы инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды жақсартуды да қоса тапсырған болатын. Өйткені инфрақұрылым дегеніміз ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағын жақсартып қана қоймай ауыл өндірісі мен шаруашылықтарының қарқынды жұмыс жасауына да әсер етеді.
Елдімекендердің, ондағы ауыл шаруашылығы нысандарының, ауыл тұрғындарының инфрақұрылыммен қамтылуын қамтамасыз ету барысында аудан әкімінің тұрғындармен кездесіп, оларды жеке қабылдау арқылы өтініш-тілектерін тыңдауы көп көмектесетіні белгілі. Сондықтан да, бекітілген кестеге сай, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселелері негізінде қабылдады. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау, шағымдарының заңдылығын саралап, құқықтық кеңес беру, заң аясында орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы қабылдау барысында ауыз су, ағын су, түнгі жарық мәселелері сөз болды.
Кемеқалған ауылдық округі Қарақия елді мекенінің тұрғыны Д.Абеев бастаған азаматтар жайылымдық жер мақсатындағы аумақтың 3 гектарында арнайы техниканың күшімен қазу жұмыстары жүргізіліп жатқанына алаңдаушылық білдіріп, көше аяғында тұратын үйлерге ауыз су жеткізу, ағын суға қатысты туындаған сұрақтарын қойды.
Диханкөл елді мекенінің тұрғыны С.Ташеновпен келген ауыл азаматтары ауыз су құбырларының құрылысы сапалы әрі уақытылы жасалуы қажеттігін, техникалық қадағалаушы мекеме өкілдерімен бірге құрылыс жұмыстарына бақылау жүргізгендерін айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Шымкент қаласының тұрғыны А.Мамбетқұлов таулы аймақтың ауа-райына форель балығын өсіру қолайлы екендігін, балықтың бұл түрі 18-22 градуста, иран сапасындағы корегімен жақсы өсетітінін айтып, шаруашылықтың бұл түрін жүргізу үшін жер телімдерін бөлуге ықпал етуді сұранды.
Аққұм ауылдық округінің тұрғыны А.Қожахметов ұзындығы 1.1 шақырымды құрайтын Ащы көшесінің электр бағаналарын ауыстырып, түнгі жарық шамдарын орнатуды өтінді.
«Барлық құрылыс жұмыстары белгігі бір заңдылықпен жүргізіледі. Кез келген құрылыс сапасын техникалық қадағалаушы, авторлық бақылаушы мекемелер тексеріп, қорытынды береді. Қорытындыға сәйкес, құрылыс нысандары қабылданады. Бұған қоса, қолданыстағы заңға сәйкес мердігер мекемелер кепілдік мерзіміне сәйкес ақаулықтарды 5 жыл мерзімі ішінде ретке келтіреді», деген аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы Диханкөл елді мекеніндегі ауыз су құрылысының сапасына бақылау жүргізіп жүрген азаматтарға алғысын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес қоғаммен байланысты нығайту жұмыстары одан әрі жалғасады.
Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселе бойынша сала мамандары зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заң аясында шешім қабылданады.