ИДЕОЛОГИЯНЫ, ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРМЕН ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУ КЕРЕК

0
96

Мемлекет басшысы идеологиялық мәселелер үнемі басты назарда болу керектігін айтып келеді.Сонымен бірге Ел Үкіметі «Идеологиялық салада қойылған міндеттерді іске асырудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын» жасап, оны жүзеге асыру қолға алынуда. Алдымен экономика, сосын саясат, деген тұжырымның қателігін уақыт көрсеткендіктен Ел экономикасын қарқынды дамыту үшін мемлекеттік идеологияны да қоса алып жүру қажет.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен облыстағы идеология саласындағы мәселелер бойынша мәжіліс өтті. Жиынға идеологияға қатысты салалық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдіктердің осы салаға жауапты тұлғаларымен қатар, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма бастығының орынбасары Мақсат Маханов, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Құрманбек Сахов және облыстық прокуратураның аға прокуроры Ербол Тұрсынбаев қатысты.
Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары идеология саласындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтып, әрбір басқарма басшысына өздеріне жүктелген міндетті сапалы орындауды тапсырды
– Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Үкіметі «Идеологиялық салада қойылған міндеттерді іске асырудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын» әзірледі Аталған кешенді жоспар жаңа қоғамдық әдеп, азаматтар мен билік арасындағы жалпыға бірдей игілік пен әділ қоғамға қол жеткізуге бағытталған. Облысымызда 18 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Жалпы облыстағы қоғамдық кеңестердегі азаматтық сектордың үлесі 81,4%-ды, жастардың үлесі 6,2%-ды құрайды. Түркістан облысында жастар саны 663 мыңнан асады. Республика бойынша алдыңғы орында. Осы ретте Мемлекет басшысы биыл қоғамдық кеңестегі сөзінде жастардың үлесін 10%-ға жеткізу міндетін қойған. Қазіргі таңда жастар саясаты саласында кешенді шаралар жүзеге асырылуда, – деді Ертай Алтаев.
Мәжілісте жауапты басшылардың есебі тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары жиынға қатысушыларға осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, облыстың өсіп-өркендеуіне, оның ішінде идеология салаларының дамуына бірігіп атсалысуға шақырды. Жауапты басшыларға идеологиялық мәселелер бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, нақты ұсыныстар енгізуді жүктеді.
Мемлекеттің идеологиясын халыққа таратып, жүзеге асыруда қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың рөлі айтарлықтай. Түркістан облысында 775 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Келесі жылы XII Азаматтық форумын өткізу жоспарланып отыр. Бүгінде дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді. Келелі басқосуға үкіметтік емес ұйым, кәсіподақ және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тиісті салалық мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары үкіметтік емес ұйымдардың орны ерекше екенін айтып, қоғамдық ұйымдар елді өркендету бағытында жұмысты күшейту қажеттігін жеткізді.
– Мемлекет басшысы азаматтық қоғам институттарына, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметтеріне аса зор маңыз беріп отыр. Нәтижесінде, жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау қаржысының көлемі арта түсуде. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың аясында өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бойынша облыстық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі жылдан жылға артып келеді. Жалпы, биыл осы бағытта облыста 109 жобаны қаржыландыру үшін тиісті қаржы қаралуда. Сонымен қатар жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық шараларға кеңінен тарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бүгінде осы мақсатта облыс, қала, аудан әкімдіктері жанындағы түрлі кеңестер мен комиссиялардың құрамына белсенді үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері енгізілген, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жиында Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Береке» қоғамдық бірлестігінің орынбасары Гүлсім Андабаева, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кәсіби медиатор, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бақытжан Бейсембаев және өзге де азаматтар сөз сөйлеп, көптеген мәселелерді ортаға салды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттырып, жұмысын жандандыру керектігін тапсырды.