ЖЕТІСТІКТІ ЖАЛҒАСТЫРЫП, КЕМШІЛІКТІ ЖОЮДЫ ТАПСЫРДЫ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалдының міндеттеген тапсырмаларын орындау үшін қала, аудандарды жұмысты жандандыру қолға алынған. Облыстың барлық өңірлерінде жергілікті әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарта түсуге, тұрғындардың өмір сүру жайлылығын арттыра түсуге, рухани-мәдени, қоғамдық ахуалды қалыптастыруға қатысты барлық салалар бойынша жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.
Сауран ауданында да аудан басшылығы барлық салалар бойынша ауданның дамуының жоспарларын орындап шығу бағытында жауапкершілікпен жұмыс жүргізуде.Таяуда аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның кезекті апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Онда 2023-2024 жылдардағы білім саласының қорытындысы және 2024-2025 жылдарға арналған жаңа оқу маусымына дайындық барысы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, 2024-2025 жылдарға жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бойынша тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асылбек Қанағат хабарлама жасады.
Бұдан бөлек, «Сауран ауданының газ қызметі» КММ 2023-2024 жылдарға арналған жұмыстарының есебі туралы аталмыш мекеменің басшысы Кенжебай Жақсықылов, 2024 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруды қорытындылау және күзгі шақыру науқаны бойынша Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы Дильмурат Нұржанов баяндап өтті.
Күн тәртібінде мәселе бойынша Түркістан қаласы және Сауран ауданы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы, полковник Дильмурад Нұржановтың мәлімдеуінше 2024 жылғы көктемгі мерзімге әскерге шақыруды қорытындылап, бекітілген жоспар орындалмағанын жеткізді. Межелік жоспарды орындамаған ауылдық округтерінің аттары аталып, жауапты мамандарына шара көруге ұсыныс берілді.
Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне орын алған кемшіліктер бойынша шұғыл түрде жұмыс жасауға нақты тапсырмалар берді.
Сонымен бірге Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың жеке қабылдауына ауыл тұрғындары келіп, түрлі жеке мәселелерін жеткізді. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары, тиісті бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғыны тұрмыстық жағдайына байланысты әлеуметтік көмек сұраса, «Иқан Тазалық» мекемесінің басшысы атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап, ауыл тұрғындарын келісім-шартқа тұрғызу, ауылдық округтегі полигон орнын сенімгерлік басқаруға беруін алға тартты.
Ал, Шорнақ ауылдық округінің тұрғыны жер комиссиясының хаттамасы шыққанын, алайда әлі күнге дейін қаулы шықпай жатқандығын мәлім етті. Сонымен бірге, Шорнақ ауылдық округіндегі көліктерге арналған айып тұрағының электр қуатының ақысы төленбегенін, 3 қызметкердің 2 ай көлемінде жалақы ала алмай жүргендігін жеткізді. Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны қызын тұрақты жұмысқа тұрғызып беруін сұранды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жеке қабылдауға келген ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша қолдау көрсетіп, тиісті шешім қабылдап, заң шеңберінде орындалуына ықпал ететінін жеткізді. Өйткені, аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсы, өмірінің жайлы болуы да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына әскер етеді. Өмірі жайлы, көңілі көтеріңкі адамның еңбек етуге, белсенді болуға талпынысы да жоғары болып, өз еңбегімен ауданның жан-жақты дамуына үлесін қосады.