ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУДА ЖОЛДЫҢ ҚОСАР ҮЛЕСІ ДЕ АЗ ЕМЕС

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру барлық аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық дамуға серпіліс беріп, мемлекеттің жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді. Қала мен ауылдың инфрақұрылымдарының сапаларының жақсарып, тұрғындарының өмір сүру жайлылығындағы айырмашылықтарды азайтады. Сондықтан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірлер басшыларына инфрақұрылым мәселесін, оның ішінде автокөлік жолдарының сапасын жақсартуды тапсырып келеді.
Созақ ауданы облыстың шалғай аудандарының бірі екеніне қарамастан мұнда инфрақұрылым мәселесіне көңіл бөлініп, оның ішінде автокөлік жолдары мен елдімекендердегі ішкі көшелердің жолдарын асфальттап, тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Ол жұмыстар аудандық әкімдіктің назарында.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында жаңадан асфальт жабындысы төселіп жатқан көшелерді аралап, жұмыс барысын назарға алды. Аралау барысында жолдың сапасын бақылады. Салаға жауапты мамандарға жасалып жатқан жұмыстарға тиянақтылықпен қарап, бақылауда ұстауды ескертті. Сондай-ақ келер жылға асфальт жабындысы төселетін көшелерді де осы сәттен нақтылап, тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
Айта кетейік, биылғы жылы аудан орталығының 5 шақырымға жуық ішкі көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, бірқатар көшелердің ажары арта түспек. Өткен жылы аудан бойынша 34,1 шақырымды құрайтын 29 көшеге асфальт жабындысы төселген. 22,4 шақырымды құрайтын 18 көше «Ауыл-Ел бесігі» бағадарламасы аясында, 11,6 шақырымдық 11 көше жергілікті бюджеттен жүзеге асырылған. Нәтижесінде Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі жолдары 100% асфальт жолмен қамтылған.
Бұл бағытта жұмыстар биылғы жылы да қарқын алып, елді мекендердің ішкі 34 көшесіне асфальт жабындысы төселмек. Сондай-ақ ішкі көшелері сапалы жолмен қамтылған ауылдардың арасындағы облыстық маңызы бар күре жолдардың да жөндеу жұмыстары жалғасуда.
«КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейін 83 шақырым, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырым, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары осы жылы толық аяқталады.
Жалпы аудан көлемінде 917 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 435 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар, 79 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, 403 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдары.
Сол сияқты аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған-Түркістан бағытындағы жол бойында арналасқан «Жасыл белдеу» аумағында болды. Онда отырғызылған тал көшеттерін күтіп баптау мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды бақылап, жауапты мамандарға уақытылы суғарып, дәрілеу жұмыстарын назарда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар, «Жасыл белдеу» аумағын арттыру мәселесі сөз болып, бұл бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Аумаққа отырғызылған тал көшеттерінің өнімділігін бақылап, тазалық пен көгалдандыруға қатысты мәселелерге немқұрайлы қарамауды ескертті.
Ауа-райы қатаң, шөлейіт, құмдауыт жерлері кездесетін ауданның аумағында жасыл желек өсіру үшін үнемі оларды қадағалап, қамқорлыққа алып, күтіп-баптамаса болмайды. Сондықтан да әкімдік тарапынан үнемі бақылау жасалады.