ӘКІМ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНДА БОЛДЫ

Мемлекет басшысы ауыл мен қаланың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен жайлылығындағы айырмашылықтарды азайтып, ауыл тұрғындарына да толық жайлылық жасалуын талап еткен еді. Соған орай мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды пайдалана отырып Түркістан облысының аймақтарында әлеуметтік-тұрмыстық, инфрақұрылым мәселелерін шешу қызу қолға алынған. Мәселен, шалғайда жатқан Созақ ауданының халқының әлеуметтік жағдайын жақсартып, қалалықтармен тұрмыстаға айырмашылығын азайту үшін заманауи жайлы мектеп, халықаралық талаптарға сәйкес келетін спорттық кешен және жеке инвестиция тарту арқылы мұқтаж отбасыларға баспана салу жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана күндер қалды. Сол себепті аудандарда мектептерді жөндеу мен жаңадан салынып жатқандарының құрылыс жұмыстары қатаң бақылауға алынған. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстарының барысын бақылауына алды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, ең алдымен құрылыс сапасына қатысты талаптарды қатаң сақтап, әрбір жобаға мұқият болуды ескертті.
Айта кетейік, қазіргі уақытта нысанның ішкі жұмыстарымен қатар, сыртқы фасадын травертинмен қаптау жұмыстары жүруде. Құрылысқа 150-ге тарта адам жұмылдырылып, жұмыс қарқыны өндірістік кестеге сай өрбуде. Жаңа мектептің техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге ұлғайтылып, робототехника кабинеттері, зертханалар, хореография залдары қарастырылмақ. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталады. Жайлылық пен тиімділікті қамтамасыз етіп, мектепішілік кеңістік ыңғайлы болу мақсатында бастауыш сыныптар, орта, жоғары буын оқушылары үшін жеке блок жасалады.
Аудан басшысы аудан орталығынан салынып жатқан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешені құрылысының барысын көріп, жағдаймен танысты. Онда мердігер мекеме өкілдері және жауапты сала мамандары болды.
Өңір басшысы жұмысшы қол күшін әлі де көбейту керектігін айтып, жұмысты барынша ширатуды тапсырды. Бұл жөнінде жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеп, сапасына мән беру керектігін ескертті.
Қазіргі уақытта жалпы ауданы 3 гектар болатын спорт кешенінің төбесіне металл құрылымын орнатумен қатар, қалау жұмыстары қоса жүруде. Оқу-жаттығу базасы барлық талаптарға сай жабдықталатын жаңа кешенде түрлі облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес және боксқа арналған зал, бассейн, футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңы болады.
Ауданның әлеуметтік саласын дамытуға да инвесторлар тартудың маңызы үлкен. Созақ ауданында бұл мәселеге де мән берілуде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығынан жеке инвесторлар арқылы салынып жатқан 2 пәтерлі 18 тұрғын үйдің құрылысын аралап, жұмыс барысын қадағалады. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, құрылыстың сапасына баса мән берді. Салаға жауапты мамандарға жаңа үйлердің суыққа төзімділігі мен сәулеттілігін қатаң бақылауды тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта құрылыс аумағында 70-ке тарта адам сыртқы жұмыстарымен айналысуда. Жақын күнде ішкі жұмыстарына қосымша бригадалар жұмылдырылады. Әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындарға арнап салынып жатқан жаңа үйлердің құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Жаңа үйлердің сыртқы фасады травертинмен әсемделіп, су, жылу сынды коммуналдық қызметтері мен ішкі жұмыстары толық жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы мерт аумақты құрайды.