ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ӘКІМДІК БАҚЫЛАУЫНДА

Облыс аумағында, шалғай аудандар мен ауылдар арасындағы және елдімекендердің ішіндегі көшелердегі автокөлік жолдарының талапқа сай болуы тек тұрғындардың жайлы тұрмысын ғана қамтамасыз етпейді, сонымен бірге аудан көлеміндегі қарым-қатынасты, тіпті аудан экономикасын дамытуға да тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысының еліміз бойынша, әсіресе, ауылды жерлердегі экономиканың күретамыры саналатын автомобиль жолдарының сапалы болуы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, инфрақұрылымдардың сапасының жоғары болуына жеткізетінін айтып, соған ерекше көңіл бөлуді тапсырғаны белгілі. Сондықтан да, Түркістан облысында автокөлік жолдарына жыл сайын мемлекеттік бағдарламалардан, бюджеттерден қаржы қарастырылып, автокөлік жолдары салынып, барларына түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Облыстың барлық қала, аудандарында, оның ішінде шалғай аудандардың қатарына кіретін Отырар ауданында да көктем шыға автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары қолға алынады. Отырар ауданындағы жалпыға ортақ пайдаланымдағы автомобиль жолдары және елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 863,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде облыстық маңыздағы жолдар — 325,9, аудандық маңыздағы жолдар – 109,7, елді мекен көшелері – 427,7 шақырым болады. Сол жолдарды күтіп ұстап, сапалы жағдайда халықтың пайдалануын қамтамасыз етуді жергілікті әкімдіктер бақылауында ұстап, жүзеге асырады.
2024 жылы Отырар ауданының автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 81,1 шақырым болатын 33 нысанның жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылды.
Аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов аудандағы жол жөндеу жұмыстарының барысын қадағалап, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады.
Ауданымыздағы туристік бағыттағы маңызды жолдардың бірі — Отырар қалашығына кіре берістегі КХOR-27 жолы. Жолдың ұзындығы 1,7 шақырымды құрайды. Бұған дейін аудан әкімінің тұрғындармен кездесуінде жиі көтеріліп келген мәселенің бірі бүгінде өз шешімін тауып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ауданға саяхаттап, тарихи орындарды көруге келетін туристердің жайлы сапарлауын қамтамасыз етіп, олардың санының артуына да ықпалын тигізбек.
Аудан әкімінің орынбасары аралау барысында жұмыстардың талапқа сай, сапалы жүргізілуін мердігер мекеменің өкілдеріне ескертіп, жауапты бөлім басшысына бақылауға алуды тапсырды.
Айта кету керек, аудандағы елді мекендердің көшелеріне «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті қаржы бөлініп, 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан бюджеті (субвенция) есебінен аудан аумағындағы 30,7 шақырым болатын елді мекендердің көшелерін орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда.