ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ОТА ЖАСАП ЕСТУ ҚАБІЛЕТІН ҚАЙТА СЫЙЛАДЫ

Мемлекеттің бірінші байлығы – ол халқы, азаматтары. Сондықтан да Мемлекет басшысы кезекті жолдауында «Пандемия еліміздің денсаулық сақтау саласындағы, медицинамыздың дамуының деңгейіндегі көптеген кемшіліктер мен орын алған олқылықтарды ашып, көрсетіп кетті. Ендігі жерде республика денсаулық сақтау саласын реформалап, әлемнің медициналық жетістіктерін, озық әдістерін меңгерумен қатар, бүкіл медицина саласын ең жетілдірілген жабдықтармен жабдықтауды тапсырамын» дей келіп, ең жетілдірілген медициналық аппарат, құралдар аймақтарға да жеткізіліп, ірі қалаларда ғана емес шалғайда, ауылды аймақтардағы тұрғындарға да медициналық қызмет көрсету сапасының көтерілуін қамтамасыз етуді міндеттеген болатын.
Соған орай еліміздің барлық өңірлерінде медициналық жетістіктер мен озық әдістерді өз денсаулық сақтау мекемелеріне енгізіп, жетілдірілген жабдықтар орнату жұмыстары жолға қойылып келеді. Түркістан оллысында да медициналық қызмет көрсету арқылы халықтың денсаулығын сақтау саласына тұрақты көңіл бөлініп отырады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды медициналық жетістіктерді, озық техника мен жабдықтарды әкеліп орнатумен шектелмей сол медициналық құрылғыларды сапалы жұмыс істеу үшін жергілікті медициналық мамандарды білімін жетілдіру, тәжірибесін толықтыру, үздік әдістерді үйрену арқылы заманауи медициналық қызмет көрсетуге баулу қажеттігін айтқан. Облыс бойынша денсаулық саласының мамандары жыл сайын кезекпен мамандығын жетілдіріп, озық әдістерді үйренуге жақын, алыс шетелдерге арнайы барып үйреніп қайтуда. Оған қоса мықтымедицина саласының мамандарын арнайы шақырып өзіміздің клиникаларда оның тәжірибесін үйрену үшін мастер-кластар өткізу де жолға қойылған. Ондай тәжірибелі мамандармен өзіміздің дәрігерлер бірлесіп ота жасау арқылы біліктілігін арттыру да жүзеге асырылуда.
Таяуда Түркістан қалалық орталық ауруханасының медициналық мамандары кезекті пациенттеріне есту мүмкіндігін сыйлады. Мұнда IV дәрежелі есту қабілеті жоғалған 4 пациентке жоғары технологиялық «Кохлеарлық имплантация» отасы сәтті өткізілді. Ота жасалып, есту қабілеті қалпына келгендердің екеуі ересек, екеуі бүлдіршін.
Анкара қаласының Гази университеті мен аурухананың біріккен меморандумы аясында профессор Режеп Карамерттің көмегімен стационар оториноларингологтарымен бірге пациенттерге Med EL (Австрия) компаниясының импланттары тағылып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде тегін жүргізілді. Қазіргі таңда олар өздерін жақсы сезініп, келесі отадан кейінгі ерте реабилитация кезеңіне дайындалуда.
Бұған дейін бұл санаттағы оталар тек Астана және Алматы қалаларының озық клиникаларында ғана мүмкін еді. Ал былтыр алғаш рет Түркістан облысында мұндай мүмкіндікке қол жеткізген. Түркістан қалалық орталық ауруханасында 5 пациентке ота жасалған. Ота жасалғандар бүгінде есту қабілеті жақсарып, белсенді өмір салтын ұстануда. Сол сәтті оталардан қанаттанға денсаулық сақшылары биылғы жылы жоғары технологиялық ота жасауды жалғастырып, тағы бірнеше адамға есту қабілетін қайта сыйлады. Жалпы биыл жыл соңына дейін 16 ота жоспарланған. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының бірлескен комиссия шешімімен отаға жіберілетіндер тізімі көрсеткіштерге сәйкес жасақталған
Аурухана басшысы Б.Берденов профессор Режеп Карамертті қабылдап, оториноларингологиялық көмекті дамытудың ең озық әдістемелерін аурухана тәжірибесіне енгізу жайын талқылады. Екі мекеме арасында тығыз қарым-қатынас орнату мәселелерін пысықтады.