БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНУ БЕЛ АЛЫП КЕЛЕДІ

0
77

Бұқаралық спорт пен жаппай денешынықтырудың мүмкіндігін арттыру үшін жыл бойы түрлі бұқаралық спорттық шараларды өткізіп отыру керек. Сонда мемлекет басшысы тапсырғандай халықтың басым бөлігі бұқаралық спортпен, денешынықтырумен айналысып денсаулықтарын нығайтатын болады. Бұл мемлекет үшін де оның әрбір азаматы үшін де пайдалы әрі маңызды факторлардың бірі. Түркістан облысының әкімдігі Президент алға қойған осы сала бойынша міндеттерді іске асыру бойынша тқрақты жұмыстарды іске асырып келеді.
Түркістан облысында халықтың белсене қатысуын қамтамасыз ете отырып өткізілетін ондай жоспарлы шаралар көп. Солардың бірі ретінде таяуда облыс орталығында шағын футболдан «Әуесқой футбол лига ойындарының» 2024 жылғы көктем-жаз маусымының жабылу салтанаты өтті. Шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысты. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен қорытынды жиында биылғы ойындардың жүлдегерлері марапатталды.
Басқосуда сөз алған Мекенхан Қозыханұлы әуесқой футболшыларға қала басшысының құттықтауын жеткізіп, алғыс хаты мен сыйлықтарын берді. Сондай-ақ шаһардың спорт саласына еңбегі сіңген, дамуына үлес қосып келе жатқан мамандарға қала әкімінің арнайы алғыс хаттарын табыстады.
Мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы аталған лига ойындарының тұрғындар арасында спортты насихаттауға қосқан үлесі зор екенін атап өтіп, дәстүрлі түрде жалғасатынын жеткізді.
Жалпы Түркістан қаласы бойынша кіші футболдан көктем-жаз маусым ойындарына А, Б, С, Д, және супер лига топтарына бөлініп 74 команда, 2000-ға жуық әуесқой футболшы қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша супер лигада 1-орынды Бекзат секторының командасы, 2-ші және 3-ші орынды Яссы секторының қос командасы иеленді. Сонымен қатар «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік сұрмерген» сынды номинациялар табысталды.
Тәуелсіз еліміздің әлемдік спорт додаларында биіктен көрінуіне Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының спортшылары да өз үлестерін қосып келеді.
«Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» 1998 жылғы 20 қаңтардағы №3827 Жарлыққа сәйкес «Спорт күні» кәсіби мерекесі елімізде тамыз айының үшінші жексенбісі жыл сайын жоғарғы деңгейде аталып өтілуде. Осы орайда, аудан орталығындағы мәдениет үйінде аудан спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген спортшылар мен бапкерлер және ардагерлерді марапаттау шарасы өтті.
Іс-шараның ашылу салтанытында сөз алған аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен,
«Біздің ауданымызда спортқа ден қойған адамдар саны жылдан жылға арта түсуде. Спортшыларымыздың жетістіктері мен жеңістері де көбейіп келеді. Олар республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де мақтанарлық нәтижелерге жетуде. Толағай табыстарда жаттықтырушыларымыздың маңдай терлері мен табанды еңбегінің қолтаңбасы жатқандығын айта кеткен артық болмас. Келешекте біздің спортшыларымыз жаңа белестерді бағындырып, бұқаралық спорт отандастарымыздың күнделікті өмір салтына айналарына сенімдіміз. Спорт күні қарсаңында барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, ардагерлерді, спортқұмарлар мен жанкүйерлерді мерекелерімен құттықтай отырып, мықты денсаулықтың арқасында жаңа табыстарға қол жеткізе берулеріңізге тілектеспін» — дей келе, аудан спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген спортшылар мен бапкерлерді алғыс хат және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Сондай-ақ мерекелік шара барысында облыстық спорт ардагерлерінің төрағасы Ф.Абиханов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Е.Сейфуллаев, аудандық мәслихаттың депутаты, спорт ардагері Б.Рашев мерекеге орай ыстық лебіздерін білдіріп, спортшыларды алғыс хаттармен марапаттады.
Салтанатты шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауындағы концерттік бағдарламамен жалғасты.