ХАЛЫҚҚА МЫҢНАН АСТАМ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН

0
63

Мемлекет басшысының елімізде әділетті қоғам құру, заңдылықтың үстемдігін жүзеге асыру жөнінде жолдауларында «Жаңа Қазақстан құру үшін барлық салада, қоғамда, адамдардың арақатынасында, барлық салаларда әділеттілікті ту етіп, заңдылықты сақтау керек екендігін» айтып келеді. Президенттің бұл жүктеген міндетін орындап, қоғамда, күнделікті тіршілікте әділеттілік пен заңдылықтың үстемдік құруын қамтамасыз ету үшін жергілікті құқық қорғау саласы мен әділет департаменттері халыққа құқықтық қызмет көрсету барысында осы мәселелерге ерекше назар аударуда. Соның нәтижесінде Түркістан облыстық Әділет департаменті үстіміздегі жылдың бірінші жартысында мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев мәлімдеді.
«Әділет департаменті 2024 жылдың І жарты жылдығында азаматтарға 1 048 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Одан бөлек, облыс көлемінде жалпы 576 заңды тұлғалар бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілген. Алты айда департаментке нотариустардың іс-әрекеттеріне қатысты 54 арыз-шағым түсіп, 2 нотариустың қызметі мен 1 адвокаттың лицензиясы тоқтаған. Бұдан бөлек, департамент тарапынан 4 жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылып, 2 жеке сот орындаушының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, 3 487 азаматқа тегін құқықтық көмек көрсетілген. Бүгінгі таңда сот шешімі бойынша ата-анадан кәмелетке толмаған балалардың пайдасына алимент өндіру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жалпы, 2024 жылдың 6 айында алиментті өндіріп алу туралы атқару құжаттары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған борышкерлер саны – 84. Ал, жеке сот орындаушыларымен қылмыстық қудалау органына 7 ұсыныс жолданған. Сондай-ақ, борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында «Бос орындар» жәрмеңкесі өтіп, борышкердің 43-і жұмысқа орналастырылды»,- деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалымен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша жалпы 80 809 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Одан бөлек, 36 802 азаматтық хал актілері тіркелген. Оның ішінде, тууды тіркеу – 26 743, қайтыс болу – 4 821, некеге тұруды тіркеу – 4 927, некенің бұзылуын тіркеу – 311 болған.