СЕМИНАР ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУҒА АРНАЛДЫ

0
59

Адамзаттың дамуында наным-сенімнің рөлі ерекше орын алады. Алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінде қоршаған ортасын танып-білуге санасы жетпеген адам баласы өзіне жұмбақ, тылсым дүниедегі табиғи құбылыстарға бас ұрып құлшылық етті, тылсым құбылыстан қорқа отырып, қиналғанда содан көмек күтті. Дами келе адам баласы діни сенім-нанымды рухани қажеттілігін қанағаттандырушы ретінде қабылдады. Содан бері дәстүрлі бірнеше дін дүниежүзіне таралып, ресми танылды. Ал, соңғы ғасырларда сол діндерден бөлінген, немесе жаңадан пайда болған діни ағымдар мен секталар да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұл жасанды діни ағымдардың көпшілігі әсіредіншілдікті, фанатизмді насихаттауымен қоғамға қауіп төндіруде. Сондықтан, ондай діни бірлестіктердің бірқатары халықаралық қауымдастықпен тиым салынған ұйымдар қатарына енгізілген.
Әрбір өз қауіпсіздігін ойлайтын мемлекет сияқты Қазақстан Республикасы да мемлекеттің құрылымына, болашағына, өмір сүруіне, азаматтарының бірлігі мен түсіністігіне, жалпыұлттық тұтастығына қауіп төндіретін діни ағымдармен күресіп келеді. Бұл күресте дін қызметкерлері мен теолог ғалымдар дәстүрлі діндерді түсіндіру, жалған дінсымақтарды әшкерелеу арқылы қарапайым халықтың дұрыс бағыттан адаспауын қамтамасыз етуге тырысады. Ол үшін дәстүрлі діндердің қызметшілерінің діни біліктілігін арттыру маңызды.
Таяуда Түркістан облысы имамдарының біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті. Негізгі мақсаты – дін қайраткерлерінің қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін кәсіби білімін арттыру.
Іс-шараға Облыстық дін істері басқармасы мен Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкерлері, ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдері қатысты. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының Шымкент қаласы бойынша басшысы Дәлелхан Оспанов, Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Медет Халықов спикер болды. Имамдар тарапынан сауалдар мен осы сала бойынша туындаған мәселелерге тиімді жауап берді. Қоғамдық қатынастарды үйлестіруге үлес қосуы үшін діни қызметке қатысты заманауи сын-қатерлер мен ағымдар туралы хабардарлығын арттыру қажет деді.
Семинар ислам теологиясын, этикасын және қазіргі әлемдегі қауымдастықтармен өзара әрекеттесу әдістерін тереңдетіп оқытуға және имамдардың діни білімді жеткізіп қана қоймай, қоғамның имандылық негіздерін дамытуға, конфессияаралық келісімді нығайтуға, жастарды қолдауға үлес қосуы үшін олардың рухани көшбасшылығын күшейтуге бағытталған.