БАС КІТАПХАНАШЫМЕН КЕЗДЕСУ МАЗМҰНДЫ ӨТТІ

Мына зымыран заманның зырылдаған көз ілеспес жылдамдықта дамуы мен электроника саласындағы күн сайынғы ғылыми жетістіктер адам баласына шұқшиып кітап оқып, газеттен жаңалық іздеп отырмай-ақ, интернет арқылы барлығын да тауып танысуға, әрі оны кез келген жерде отырып жасауға мүмкіндік ашып қойды. Сондықтан да, адамдар арасында кітап оқу, кітапханаға бару азайып келеді. Дегенмен Жапония сияқты дамыған мемлекеттердің азаматтары жылына отыз алты кітап оқитынын ескерсек, кітап оқу адам баласы үшін үлкен қажеттіліктің бірі болып қала беретінін ұғынамыз.
Кітапхана саласының қызметкерлері де электроника, интернет пен цифрландыру сияқты технологиялық жаңалықтарды кітапхана ісінде тиісді пайдалану жолдарын тауып ізденуде. Сондай білікті де ізденімпаз, кітапхана жұмысын жиырма бірінші ғасырда да халық қажеттілігін қанағаттандыратын орынға айналдыруға атсалысып жүрген елдің бас кітапханашысы Бақытжамал оспанова.
Түркістанда ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бакытжамал Оспановамен «Махаббатым – кітап, мамандығым – кітапханашы» тақырыбында кездесу өтті. Қазақстандық кітапханалық одақтың төрайымымен кездесуге облыс кітапханашылары қатысты.
Бенефис кеші форматындағы жиын тақырыпқа сай көрме инсталляциясын таныстырумен басталды. Кешті басқарма басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып берді. Кеш кейіпкерінің кітапхана жолында атқарып жатқан еңбегіне тоқталды. Содан соң облыс әкімінің арнайы құттықтау хатын табыстап, сәттілік тіледі.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдерінің және мемлекет қайраткерлерінің кейіпкер жайлы естеліктері, құттықтау сөздері басылған бейне жолдауы көрсетілді. Жиналған кітапханашылардың көкейіндегі қызықты әрі салалық сұрақтарға жауап беріп, өзінің еңбек жолы туралы естеліктерін әңгемелеп берді.
Іс-шарада Бақытжамал Қайырбекқызы түркістандық үздік кітапханашыларға Қазақстандық кітапханалық одақтың «Кітапхана ісінің ардагері», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» және «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгілерін табыстап, өз атынан арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Кеш соңында «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова қорытынды сөз алып, бүгінгі кештің маңызына тоқталды. Сондай-ақ қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді.
Айта кетейік, аталған мазмұнды кешті облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған.