ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІЛЕДІ

«Халық үнін еститін үкімет» ретінде билік өкілдері өз аумағындағы тұрғындарды жоспарлы кестеге сәйкес қабылдауды жүйге келтірген. Бұл біріншіден халық пен билік арасындағы түсіністік пен байланысты реттеуші болса, екіншіден азаматтардың қоғамдық мәселеге, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға және олардың жеке мәселелеріне байланысты түйіткілдерді шешуге септігін тигізеді. Әкімдердің жыл бойы арнаулы кестеге сай халықпен кездесуінде көтерілген мәселелерді шешуіне де ықпал етеді. Түркістан облысы мен қала, аудандарының басшылары да осы ережеге сәйкес өз аумағындағы тұрғылықты тұратын азаматтарды қабылдап отырады.
Соның арқасында Түркістан өңірінде тұрғындар тарапынан түскен өтініштер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініш-тірліктерін тыңдады. Облыс әкімінің кезекті қабылдауында болған азаматтар өздерін мазалаған әртүрлі өтініш-тілектерін, арыз-шағымдарын облыс басшысының алдына қойды, Өңір басшысы халықтың өтініштерін мұқият тыңдап, барлық мәселе тек заң талаптары аясында шешілетінін атап өтті. Тұрғындар талабына қатысты жан-жақты жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Қабылдауға келген азаматтардың бәріне заңды-құқықтық тұрғыдан, мәселелерінің шешілуіне бағыт-бағдар берілді. Олардың кейбірі өз сұрақтарына қатысты түсіндірме жауап алып, көтерген мәселелердің шешу жолдарын білді.
Еркін форматта өткен қабылдауда азаматтардың барлығы бұл жолы жеке мәселелерін көтерді. Баспана мәселесін көтеріп келгендер болды. Әлеуметтік көмек сұрағандар бар. Кәсіп ашуға қолдау сұрағандар да болды. Енді бірі жұмысқа орналастыру жайлы өтінішін айтып келді. Баспанасының апатты жағдайда болуына байланысты берілген үйін кеңейтуге көмек сұрағандар болды. Тағы бір тұрғын кәсіпкерлер тарапынан берілген үйін ауыстырып беруді өтінді.
Қабылдауға құқық қорғау органдары мен тиісті басқарма басшылары, жауапты мамандар қатысып, туындаған мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысты.
Аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында әрекет ету туралы нақты тапсырмалар берді. Сұрақтар жан-жақты қаралып, заңдылығына қарай шешіледі.
Облыс әкімінің қабылдауына egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазылған тұрғындардың көтерген мәселелері бойынша жауапты адамдарға тиісті тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.