АРЫСТА АСЫЛТҰҚЫМДЫ ҚОШҚАРЛАР КӨРМЕСІ ӨТТІ

0
116

Мемлекетімізде ауыл шаруашылығын заман талабына сай дамытуды қолға алып, озық технологиялар мен саланың ғылыми жетістіктерін шаруашылықтарда өнім өндіруге енгізу бойынша арнаулы бағдарламалар қабылданып жүзеге асырылуда. Ол бағдарламалардың ішінде мал шаруашылығын өркендетуге бағыталған да жобалар мен бағдарламалар бар. Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдаулар мен қаржылай көмектердің мақсатын –мал өсірушілердің кәсібін кеңейтіп, мал басын асылдандырып, оның санын көбейтіп, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мал өнімдерін молайту арқылы үлес қосуна қол жеткізу болып табылады.
Мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаулардың бірі субсидиялау арқылы төрт түлік мал өсірушілерге қаржылай көмек жасау. Бүгінгі таңда асылтұқымды мал өсіруші шаруалар әр малының басына мемлекеттен субсидия ала алады. Оның ішінде асыл тұқымды отандық қойларды сатып алғаны үшін 15 мың теңгеден, егерде шет мемлекеттерден сатып алған болса, аналық басына 30 мың теңге, қошқарларға 150 мың теңгеден субсидия бар. Асылтұқымды мал басына қатысты субсидия алу бойынша тұрғындар облыстық, қалалық және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдеріне өтінішпен жүгіну арқылы мәселені шеше алады.
Түркістан облысының аумағында мал басын ғана емес оның сапасын көтеру бойынша да жоспарлы жұмыстар тұрақты атқарылып келеді. Оның ішінде қой малының басын асылтұқымды малмен көбейту бойынша да субсидия алып, шаруашылығын дөңгелентіп отырған малшылар бар.
Таяуда Арыс қаласында тұқымы сирек кездесестін асылтұқымды қошқарлардың облыстық көрме сайысы өтті. Қалалық Орталық стадионда өткен бұл шараға облыс көлеміндегі қой бағып, қошқар баптаған үміткерлер 200-ден аса қошқар әкеліп, өздерінің асылтұқымды қошқарларының бақтарын сынасты. Көрмені арыстық кәсіпкер, Алмаз Шүкірбеков пен қаланың белсенді шаруа қожалықтары ұйымдастырды.
Қошқарлар көрме-бәсекесінің ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қатысып, көрменің маңыздылығына тоқталды. Игі істі ұйымдастырушылар мен мал басын асылдандыру бағытында еңбек етіп жатқан шаруаларға сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді.
«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Ендеше, шаруаларымыздың ісі берекелі болсын», — деді шаһар басшысы.
Көрмеге алыстан арнайы келген құрметті қонақтар, асылтұқымды қой өсіруші шопандар мен ірі шаруақожалықтарының өкілдері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында белгілі журналист, бүгінде асыл тұқымды қошқарларды өсірумен айналысып жүрген Берік Сұлтан, ережесіз жекпе-жек шебері Арман «Сұңқар» Оспанов та бар. Олар көрменің жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етіп, мұндай көрмелер Шопан ата түлігін асылдандыруға серпін береді деген тілектестіктерін білдірді.
Мұнда құйрықты, қылшық жүнді, қисары және арашан қой тұқымдары әкелінген. Бұл қошқарлар өзінің сұлулығымен көз сүріндіреді. Айталық, қисары қойлары алқымы кең, арқасы тегіс, аяғы жуан. Қылшық жүні ажарларын аша түссе, дөң тұмсықтары айбат береді. Ал батпан деп бағаланған айыр құйрығы салмақтарына салмақ қосып тұрқын тартымды ете түседі.
Көрме сайыстың ережесі бойынша қазылар алқасы қойлардың салмағы мен бойына және экстерьеріне қарай бағалады. Көрмеде екі тіс қошқардың салмағы 145, сақа қошқарлардың салмағы 200 келіге дейін жетті.
Сайыс соңында екі тіс бойынша әрі ең жоғарғы салмақ көрсеткен, Берік Сұлтанның салмағы 144 келілік «Мүсін» қошқары дара шықты. Белгілі арыстық қойбегі Ақылбек Әлжанның «Гектар» атты қошқары 105,5 см бойды көрсетіп, биіктік бойынша чемпион атанды. Ал абсолютті салмақта Бақберген Әлжановтың «Куба» атты қошқары экстерьер бойынша үздік болды. Шымкенттен келген Бақтияр Балажанның әйгілі «Тұран» қошқары 195 келімен жеңімпаз болып танылды. Қазылар алқасының шешімімен салмағы, бойы және келбеті ескеріліп, үздік қошқар иелеріне Алғыс хаттар мен чемпиондық белбеу, және кубоктар табысталды.