ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСУДА

0
57

Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету және әлеуметтік нысандар мен өндірістік нысандардың жұмысының жүйелілігі үшін қала, аудан, елдімекендерінде сапалы инфрақұрылым болуы маңызды. Түркістан облысының қала, аудандарында осы мәселені сапла да уақтылы шешу бағытындағы жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Және олар өңір басшыларының тікелей қадағалауында.
Созақ ауданының аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен жиын өтті. Жиынға жауапты сала орынбасары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Аудан басшысы жиын барысында салынып жатқан құрылыс нысандары, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту, елді мекендердің ішкі көшелеріне төселіп жатқан асфальт жабындысы сынды атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысын назарға алды. Жауапты мамандарға жұмысты барынша үйлестіріп, сапалы әрі уақытылы атқаруды тапсырды.
— Ауданда әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға салғырттық танытпай, үйлестіре білу қажет. Бұл мәселе салалық орынбасарларға да қатысты. Қолға алынған әрбір жобаны уақытынан кешіктірмей, сапалы аяқтау керек, — деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын да назарға алды.
Бұған қоса тұрғындар қажеттілігіне орай туындаған басқа да өзекті мәселелерге тоқталып, сала орынбасары мен жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Олардың арасында көшелердің асфальт төселуіне де үнемі назар аударылып отыр.
Бүгінде Жетісай қаласындағы Амангелді көшесіне асфальт төсеу, жеке тұрғын үй секторлары мен көппәтерлі тұрғын үйдің аулаларын су басуының алдын алу мақсатында арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүріп жатыр.
Аталған көше бойында орналасқан көптеген кәсіпкерлік нысандар мен жеке тұрғын үй секторларының, жекеменшік балабақша иелерінің су қашыртқыларының үстіне заңсыз құрылыс салып алуының салдарынан жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына кедергі келтіріліп, жауынды күндері су басу қауіпі орын алуда.
Аудан басшысы бұл мәселеге байланысты арнайы құрылған жұмысшы топ өкілдерімен заңсыздықтарға жол берген тұрғындармен тілдесіп, заң мен тәртіпке мойынсұну қажеттігін, арық-атыздардың үстіне құрылыс жүргізуге болмайтынын жеткізді.
Қаладағы жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық 175 көше мен 34 шақырымды құрайтын арық-атыздардың 2,8 шақырым жолы мен 3,6 шақырым арық-атыз Амангелді көшесіне тиесілі. Бүгінде аудан әкімі Серік Мамытовтың тікелей тапсырмасымен Амангелді көшесінің Рудаки-С.Ерубаев көшелерінің аралығындағы 1,1 шақырым бөлігі асфальтталды. Енді қалған бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылы аудандық және қаланың IV деңгейлі бюджетінен жалпы ұзындығы 18,08 шақырымды құрайтын 31 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қала көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 71,6 пайызға жеткізсе, биыл аудандық қазынадан қаралған қаржы есебінен жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын 9 көшеге асфальт төселген. Алдағы күндері қаланың IV деңгейлі бюджетінен ұзындығы 5,27 шақырымдық 5 көшеге орта жөндеу жүргізіліп, шаһардың көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 77,9 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Ал, Келес ауданына қарасты Бірлік ауылдық округінде әлеуметтік нысандар орналасқан көшелерге асфальт жабындысы төселуде. Елдің талап-тілегін ескерген жергілікті атқарушы орган өкілдері өткен жылы мектеп, балабақша, емхана орналасқан көшелерді орта жөндеуден өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдаған болатын. Нәтижесінде биыл Бірлік елді мекеніндегі Жаңақұрылыс және Жангелдин көшелеріне асфальт төселді.
Айта кетейік, бүгінде Бірлік ауылдық округіне қарасты елді мекендерді табиғи газға қосу бойынша сыртқы магистрал жүйесіне қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Елді мекендердің ішкі жүйелері толық табиғи газ жүйесімен қамтылған соң ішкі көшелер жоспар бойынша орта жөндеуден өткізіледі деп күтілуде.
Жалпы Бірлік ауылдық округі бойынша 28 көше болса, соңғы үш жылда 12 мың метр көшеге шағал тас, 1 200 метр көшеге асфальт төселді. Оған қоса биыл Бірлік елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда.