АГРОФОРУМДА ДАҚЫЛДАРДЫ ӨСІРУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

0
102

Мемлекеттің дамуында ауыл шаруашылығы саласын дамытудың маңызы зор. Және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді жаңа кезеңге көтеру арқылы суды үнемдеп, аз аумақта мол өнім өндіруге қол жеткізгенде ғана агросектордың тиімділігі артып, пайдаға шығады. Сондықтан да озық технология, ғылым жетістіктерін ауыл шаруашылығына енгізу жолдары үздіксіз қарастырылып келеді.
Түркістан облысында бұл салада жұмыс жоспарлы әрі тұрақты жүргізіліп отыр. Таяуда Отырар ауданында «Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудегі тиімді жолдар» тақырыбында агрофорум өтті. Форумның негізгі мақсаты заманауи технологиялармен танысып, ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді ғылыми жолдармен шеше отырып, кәсіп жүргізуді жеңілдету болып табылады.
Аталған форумның Отырар ауданында өтуінің де өзіндік себептері жоқ емес. Кешегі кеңестік кезеңнен бастап қазіргі таңға дейін жүгері дақылын өсіруде аудан шаруалары тынымсыз еңбек ету мен мол өнім алудың үлгісін көрсетіп келеді.
KMF микроқаржы ұйымы мен KMF-Демеу қорының ұйымдастыруымен өткен шарада алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілердің көрмесі ұйымдастырылды.
Форумға шақырылған агроөнеркәсіптік компаниялардың өкілдері, тұқымдар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуші «BASF», микротыңайтқыштарды жеткізуші «KWS» компаниялары ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын ұсынса, суару жүйесін өндіруші «Metzer», өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы саласында аграрлық сүйемелдеу қызметтерін көрсететін KazAST, тұқымдардың дистрибуциясы, көбейту және өңдеу, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуші «Б-агро», натрий гуматы мен калий гуматын өндірумен және сатумен айналысатын «Серабетон» және тұқымдар, тыңайтқыштар, гербицидтер, инсектицидтер, фунгицидтер, уландырғыштар сатумен айналысатын «Alliance AgroTrade» компаниялары өз өнімдерімен таныстырып, KMF мамандары қаржыландыру жөніндегі кеңестерімен бөлісті.
Форум барысында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық аймақтағы әлеуметтік жағдайды ескеріп шаруалардың басын біріктірген семинардың диқандар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Сондай-ақ, агрофорумның ұйымдастырушылары, КМФ компаниясының Түркістан қаласы филиалының аймақтық директоры Мейржан Мамаханов пен KMF-Демеу Корпоративтік қоры бас директорының орынбасары Асел Шегебаевалар аймақтың ауыл шаруашылығы саласының даму тарихына көз жүгірте отырып, KMF пен оның клиенттері арасындағы ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды нығайту бүгінгі жиынның негізгі мақсаттарының бірі екенін жеткізді.
KMF микроқаржы ұйымы мен KMF-Демеу қоры 2022 жылы өзінің 25 жылдығына орай Қызылорда облысының Жаңақорған кентінде бірінші агрофорумын өткізген болатын. Ал, 2023 жылы Тараз қаласында, Шиелі кентінде және Сарыағаш ауданында тағы үш ауыл шаруашылығы форумы ұйымдастырылған болатын. Аталған жиындарда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің тиімді жолдары туралы өңірге арналған өзекті тақырыптар қозғалып, екі жыл ішінде форумдарға 500-ден астам адам қатысқан.
Отырар ауданында өткен маңызы зор шарада аграрлық ғылым мен өндірісте мол тәжірибесі бар ғалымдар «Ауылшаруашылығында тұқымның маңыздылығы. Тұқымды дұрыс таңдау» ,«Тиімді өсімдік қорғау тәсілдері. Шәуілдір массиві жағдайында ауру-зиянкестермен күресу тәсілдері. Тыңайтқышты дұрыс қолдану», «Түркістан облысы жағдайында су үнемдеу технологиясы. Су үнемдеу технологиясын дақылға байланысты дұрыс таңдау» тақырыптары бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, осы бағыттағы негізгі мәселелерді талқылады.
Форумға қатысушы, Ордабасы ауданы, Жайылма елді мекенінің тұрғыны Сәкен Сауранбек ұзақ жылдардан бері мақта және жүгері дақылдарын егумен айналысады. Егін егу жұмыстары барысында кездесетін тұқым таңдау, дәрілеу жұмыстары мен суғару секілді мәселелерде агромамандарының кеңесі ауадай қажет екенін айтқан кәсіпкер кәсіби сарапшылар мен шаруалардың басын қосқан бүгінгідей форумдардың берері көп екенін атап өтті.
Жиын барысында шаруаларға форумда айтылған ақпараттар мен ғылыми мәліметтерге қатысты викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген азаматтарға арнайы сыйлық пакеттері ұсынылды.
Форумды КМФ компаниясының Түркістан қаласы филиалының аймақтық директоры Нұриддин Әбдіәшімұлы Жасымбеков қорытындылап, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланған жиынға қатысушыларға және осы салада компаниямен бірге болған клиенттерге алғысын айтты.