ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛУДА

«Заманына қарай амалы» демекші қазіргі электроника мен цифрландыру технологияларының қарыштап дамып, адамдардың күнделікті өміріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне бойлап енгені соншалықты, бірер күнге интернет желісі тоқтап қалса үлкен бәігершілік тудыруы мүмкін. Ең бастысы адамдардың жайлы өмірі мен күнделікті тұрмысында ғана емес интернет желісі, цифрландыру технологиясы халық шаруашылығының барлық салаларын дамытуға, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани және басқа да салалардың бәріне де үлкен әсер ететін болды. Төрт түлікті сырғалап, арнайы қондырғы тағу арқылы олардың қайда жүргенін бақылап, жоғалмауын қадағаласа, егіншілікте де тұқым таңдаудан бастап, оны өсіріп, өнімін жинағанға дейін интернет пен цифрландыру технологиялары пайдаланылады. Бұл жүйелер әсіресе, шекаралық аймақтар үшін тіпті маңызды деуге болады. Сондықтан да көрші мемлекеттермен шекаралас жатқан аудандары бар Түркістан облысында да интернет желісімен халықты қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлінуде.
Түркістанда облыс тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамту бағытында жиналыс өтті. Аталған бағытта “Қазақтелеком” байланыс операторының серіктесі «OK Telecom» ЖШС өкілдері мен Түркістан облысы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мамандары арасында келіссөздер жүргізілді.
Қос тараптың келісімі бойынша бүгінде Сарыағаш ауданы Достық-2 шекара аумағында орналасқан елдімекендер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды. Оған қоса Ынтымақ, Бостандық, Еңкес, Дербісек елді мекендерін үй жағдайындағы жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде, ауыл тұрғындарына қашықтан оқуға, жұмыс жасауға және заманауи цифрлық технологиялардың барлық артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік береді.
Облыс аумағындағы ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жол картасына сәйкес, Сарыағаш ауданы бойынша Кселл ұялы байланыс операторының 5 базалық станциясын және Билайн ұялы байланыс операторының 16 базалық станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте жаңа базалық станция орнатуға тұрғындар тарапынан туындаған радиофобия мәселесі елді мекендерді толыққанды жоспар бойынша мобильді интернетпен қамтылуына кедергі келтіруде. Осыған байланысты облыс тұрғындарын атқарылып жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауға шақырамыз!
Айта кетейік, Сарыағаш ауданы бойынша , «OK Telecom» байланыс желісіне Ынтымақ ауылынан 155 абонент, Бостандық – 85 абонент, Достық 1.2 — 130 абонент, Еңкес — 120 абонент, ал Дербісек елді мекенінен — 35 абонент қосылды.