ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНДА АБАЙДЫҢ АЛАР ОРНЫ БИІК

Қазақстан Республикасының жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында ұлттық идеологияны да белсенді қолға алу жалғасуда. Халқымыздың рухани-мәдени, тарихи-әдеби мұраларын насихаттау арқылы қазақстандықтардың отанға сүйіспеншілдігін қалыптастыру мақсатында мемлекет тарапынан белгіленген даталарда да арнайы шаралар жүзеге асырылып келеді. Ондай шараларда бірінші кезекте халқымыздың әр саладағы тарихи тұлғалары насихатталып, олардың шығармаларын көпшілікке таныстыруды, халықтың олардың шығармасын кеңінен оқып,-танысуын қамтамасыз ету жолдары қарастырылады. Аталмыш іс-шаралар ересектермен қатар жасөспірімдер арасында да насихатталып, жас ұрпақтың патриоттық қасиетін қалыптастыруға септік етуде.
Елімізде 2020 жылдан бастап Абай күні кеңінен аталып өтуде. Ұлы ақын, философ, қазақ әдебиетінің классик-ағартушысы Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған іс-шаралардың аясында Түркістан қаласында арнайы мерекелік басқосу ұйымдастырылды. Тағылымды жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, зиялы қауым өкілдері мен өңір кітапханашылары, дарынды оқушылар қатысты.
Алдымен келген қонақтар Абай Құнанбаевтың шығармалары мен Абай жайында жазылған зерттеулер мен әдеби-деректі шығармалар, абайтанушылардың ұлы тұлғаны танып-білуге арналған жазбалары бар арнайы жасақталған кітап көрмесімен танысты. Содан соң облыс әкімінің орынбасары мен бір топ зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Жиында алғаш болып сөз алған «Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы Абай ілімін тарқатып айтып беріп, жастарға өнеге беретін ерекше сөздеріне кеңінен тоқталып, ұлы тұлғаның қазақ үшін қаншалықты бағалы екенін айтап берді.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы өз кезегінде бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі шараның қазақ руханияты мен әдебиетінде алар орны айрықша. Ұлы кемеңгер Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен еңбектерін дәріптеу – бізге артылған абыройлы міндет. Атаулы күн «Абай оқулары» халықтық акциясы, «Абайдың қара сөздері» әдеби челленджі, ғылыми конференциялар мен абайтанушы ғалымдармен шығармашылық кездесулер арқылы кеңінен насихатталуда. Осы орайда, Түркістан тұрғындары мен қонақтарына рухани бағдар болып тұрған Абай ескерткішінің алдына жиылып, ақын рухына тағзым ете келген әрбіріңізге алғыс білдіремін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы оқушыларының көркем сөз оқуларын оқыды. Ал орталық жетекшілері жанды дауыста Абай әндерін шырқап, көптің қошеметіне бөленді. Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі Айдар Сейдәзім бастаған қаламгерлер пікір білдіріп, ұлы ақынның өлеңдерін оқыды.
Атаулы күнге орай облыстық «Фараб» кітапханасы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 179 жылдығы аясында «Абайды оқы, орында» атты әдеби іс-шаралар онкүндігін бастаған болатын. Онкүндік аясында түрлі танымдық, әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кемеңгер тұлғаның туған күніне орай барлық қалалар мен аудандарда, көптеген елдімекендер мен білім ордаларында, кітапханаларда әкімдіктердің, мемлекеттік мәдениет мекемелерінің, қоғамдық ұйымдардың, түрлі бірлестіктердің, шығармашылық ұйымдардың ұйымдастыруларымен барлық мәдени мекемелерде көрмелер, кездесулер, ақын-философтың шығармаларын насхаттау, өлеңдерін оқу, қарасөздерін тақпақтау сияқты көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оларда Абай арқылы ұлттық рух пен әдебиет, отаншылдық пен адамшылдық қасиеттері насихатталуда.