«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ ҚАЛА, АУДАНДАРДА ЖАЛҒАСУДА -1

Республикалық «Мектепке жол» акциясының мақсаты халықтың аз қамтамасыз етілген, көпбалалы, толық емес отбасының балаларының мектепке баруға дайындығына көмектесу болып табылады. Дәстүрге айналып келе жатқан бұл акцияға жергілікті билік мұрындық болып, жекелеген кәсіпкерлер де атсалысуда. Сол сияқты халқының саны көп Түркістан облысында балалардың бірінші сыныпқа бару мәселесі де әкімдіктердің назарында.
Биылғы оқу жылы Түркістан облысының мектептерінде 50 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барады. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді. Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарының саны 1 060-қа артқан. Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-ы биыл 1-сыныпқа қабылданады.
«Жалпы Түркістан облысында 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінде 66 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын. Биыл 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 5 мектеп 2024 жылдың 1-қыркүйегінде пайдалануға берілмек. Өңірде «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында 2023-2025 жылдары аралығында 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Ал 2024 жылы 22 900 орындық 29 мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Жайлы мектептердегі» педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі»,- деді Жандос Маханбетов.