МӘДЕНИ-БҰҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРУ БОЙЫНША КУРС ӨТТІ-2

0
81

Жас мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған аталмыш курстың үшінші күнінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мәдени және әлеуметтік жұмыс» кафедрасының аға оқытушысы Елмира Әбсаматова «Мәдени тынығу мекемелерінде сахна тілі техникасын қалыптастыру» тақырыбын кеңінен қозғап, курс қатысушыларымен бірге тақырыпқа сай арнайы жаттығуларды жасады. Қатысушылар теориялық бағытта да білімдерін кеңейте түсті. Сондай-ақ, көкейкесті сауалдарын қойып, арнайы алған жауапты қағазға түртіп отырды.
Шеберлік сағаттың төртінші күні облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова курс қатысушыларын заманауи кітапхананың ішімен таныстырып, бірге экскурсия жасады.
Бұдан бөлек, кітапхананың «Көпшілік бұқаралық іс-шаралар секторының» меңгерушісі Пернекүл Нәлтаева «Халықтың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында кітапханалар мен мәдениет үйлері, клубтардың бірлесіп атқаратын жұмыстары» тақырыбында мотивациялық тренинг өткізді. Дәріс барысында түрлі креативті ойындар ұйымдастырылып, курс қатысушылары Абайдың әндерін бірге шырқады.
Сонымен қатар Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров «Фестивальдер мен байқауларды, шоу концерттерді ұйымдастырудың жаңа бағыттары» тақырыбында дәріс өтіп, қатысушыларға арнайы тапсырмалар берді.

Апталық курстың қорытынды күнінде Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан «Мәдени демалыс қызметін ұйымдастыру және халық шығармашылығын дамытуда мәдениет үйлері мен клубтардың міндеттері» туралы дәріс өткізіп, барша қатысушыларға арнайы сертификат табыстады.