САЯСИ ЛАГЕРЬ ЖАСТАРДЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ЖЕТІЛУІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ -3

Сондай-ақ партияның Атқарушы хатшысы, партиямыз бастамашыл болған «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларының тиімділігін нақты деректерді келтіре отырып, айтып берді. Қоғамда қызу талқыға түскен тақырыптар шеңберінде партиямыз жария еткен ұстанымды түсіндіріп өтті. Жас белсенділеріміз өздерімен екі сағаттан аса ашық сыр-сұхбат құрған Дәулет Жамаубайұлына алғыстарын білдіріп, мемлекет пен қоғамның дамуына пайдалы жасампаз істерге күш біріктіруге әзір екендіктерін жеткізді.
Жастармен бір толқында өрбіген сұхбат алаңында жастар көтерген сауалдарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Елнұр Сабыржанұлы Бейсенбаев, Асхат Қанатұлы Аймағамбетов, Темір Базарбайұлы Қырықбаев, Екатерина Васильевна Смышляева жауап беріп, жас буынмен бетпе-бет отырып пікір алмасты. Парламент өкілдері жастардың білім алуы, экономикалық белсенділігін арттыру, өзіндік дамуына жағдай жасау, оларды ортақ идеялар арасына біріктіру, қоғамға пайдалы істер атқаруға жұмылдыру мәселелері талқыланды.
Лагерьдің оқу сессияларында көптеген тақырыптарда тәжірибемен бөлісіп, қоғаммен байланыс және коммуникациядағы құндылықтар жүйесі жөніндегі озық үрдістермен танысты. Тренингер барысында шешендік өнердің басты ерекшеліктері туралы түсінік беріліп, әдемі сөйлеудің әдебі, ойыңды сауатты жеткізудің артықшылықтары, көпшілік алдында сөз бастау мен жарқын сөйлеу өнері, сұхбат жүргізудің ұтымды әдістері жөнінде пайдалы ақпараттар берілді.