ӨНЕР МЕРЕКЕСІНДЕ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР КЕҢІНЕН НАСИХАТТАЛУДА-1

Мемлекеттік идеологияны насихаттауда мәдениет пен өнерді алар орны ерекше. Олар халық бұқарасына ең жақын салалар болып табылады. Сондықтан да «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі Түркістан облысында дәстүрлі шараға айналып келеді. Фестиваль аясында Түркістан қаласында Жетісай ауданының мәдениет күндері басталды. Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жетісай көшінің шымылдығы «Этноауыл» аумағында ауданның суретшілері мен қолөнер шеберлерінің, отандық ақын-жазушылардың туындылары мен шетелдік қаламгерлердің аудармаларынан кітап көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен ашылды. Шара барысында ауданның қылқалам және қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып, сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстары көпшілік назарына ұсынылып, қала тұрғындары мен Үндістан мен Түркия, Австралия мен Польша, Корея, АҚШ елдерінен келген қонақтардың оң бағасын алды. Сонымен қатар «Салт-дәстүрім салтанатым» атты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналанды. Ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар қаржылай және заттай бағалы сыйлықтарға ие болды.
Фестиваль мақсаты – сан ғасырлардан бері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп беріліп келе жатқан ұлттық мәдениет пен өнерімізді дәріптеу, өлкенің туристік әлеуетін дамыту.
Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында екі күнге созылған Жетісай ауданының мәдениет күндері өтті. Шараны «Керуен сарай» кешенінде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. Салтанатты шараны Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков ашып беріп, Түркістан жұртшылығына ізгі тілектерін білдірді.
(жалғасы бар)