ПЕДАГОГТАР ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕРІН ОРТАҒА САЛДЫ

0
71

Қазіргі заманда қазақ атамыз айтқандай «Білекті бірді жығатын, білімді мыңды жығатын» шақтың дәуірлеп келе жатқан кезеңі. Яғни әр мемлекет дербестігін сақталып, бәсекеге қабілетті, болашағы жарқын болуы үшін азаматтарының білімді де білікті болуын қамтамасыз етуге тырысады. Қазақстан Республикасында да білім беру саласы реформаланып, ең озық технологиялар, білім беру әдістері, цифрландыру мен айти технологиялар енгізілуде. Ұстаздар мен білім алушы оқушылар үшін оқыту процесі ыңғайлы, білім алу жайлы болуы үшін жетілдірілген мектеп ғимараттары салынып жатыр. Түркістан облысы бойынша өткен тамыз мұғалімдер кеңесінде де жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру мәселесі сөз болды.
Сарыағаш ауданы білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында педагогикалық кеңесі болып өтті. Дәстүрлі тамыз кеңесіне Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев, «CodiPlay» компаниясы мемлекеттік қызметтермен жұмыс департаментінің директоры Нұрғали Асанұлы, №4 мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Мұрат Сейітжанұлы және «Өрлеу «БАҰО» АҚ Түркістан облысы бойынша өкілдік басшысы Жанат Лесбекқызы, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, педагогтар және ардагер ұстаздар қатысты.
Аудандық тамыз конференциясына қатысушылар іс-шарада білім беру саласындағы цифрлы технологияларға қатысты жасалған арнайы көрмені тамашалап, креативті ұстаздардың жаңашыл жұмыстарын тамашалады.
Маңызды жиында өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасап, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттер сараланды. Жарыссөзде сөз алған спикерлер білім мен тәрбиенің негізгі қайнар көзін ұлттық құндылықтармен байланыстыра отырып, білім бағытындағы тәрбиенің негізгі ұстанымдарына айырықша тоқталды.
Сонымен қатар жиынға «CodiPlay» компаниясы мемлекеттік қызметтермен жұмыс департаментінің директоры Нұрғали Асанұлы қатысып, білім саласындағы жаңа технологиялармен, озық тәжірибелерімен бөлісті.
Тамыз кеңесінде ауданның ұлағатты ұстаздары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомствалық наградалары «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен, білім басқармасы және аудан әкімінің марапаттарына ие болды.
Сол сияқты Бәйдібек аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында білім саласы қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесі өтілді. Тамыз кеңесі – ұстаздардың дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиыны. Білім беру саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді саралайтын алаң, алдағы міндеттерді талқылайтын маңызды басқосу жиыны.
Білім саласы қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесіне Түркістан облысы «Білім беруді дамыту орталығының» басшы орынбасары Айдаров Нұралы Тұрдыұлы, аудан әкімі Нұрмаханов Ерлан Заипұлы, аудандық мәслихат төрағасы Түймебаев Имангелді Қансейітұлы, Amanat партиясының аудандық филиалының төрағасы Құлымбет Ақбала Аманбайқызы, аудандық бөлім басшылары, білім бөлімі жанынан құрылған Ардагерлер кеңесі, қоғамдық ұйым өкілдері, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері және педагогтер қатысты.
Аудандық тамыз кеңесі:
І бөлім – Цифрлық көрме;
ІІ бөлім — Пленарлық отырыс;
ІІІ бөлім — Педагог қызметкерлерді марапаттау рәсімінен тұрды.
Пленарлық отырыстың ресми бөлімінде спикерлер аудан әкімі Ерлан Заипұлы педагогтерді жаңа оқу жылымен құттықтады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Пернеев Ерболат Аманұлы «2024-2025 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» баяндама жасап, аудан педагогтерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Сонымен қатар, білім беру саласының өркендеп дамуына айрықша үлес қосып, шығармашылық жетістікерге жеткен педагог қызметкерлер тиісті деңгейде марапатталды.
Тамыз кеңесінің ресми бөлімі аяқталған соң, келген қонақтарға мектеп оқушылары концерттік бағдарламаларын ұсынды.