ТАМЫЗ КЕҢЕСІНДЕ АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
52

Жаздың соңғы айының соңында барлық жерлерде қарбалас болуда. Жаздың басында басталған жылу маусымына дайындық жұмыстары шегіне жетіп, қара күзге қалмай аяқталуын қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапты өкілдері тынымсыз жұмысты бақылауға алған. Сол сияқты бірнеше күннен соң жұртшылық үшін ғана емес мемлекет үшін маңызды мәселенің бірі – Жаңа оқу жылы басталады. Оған дайындықты қортындылайтын педагогтердің Тамыз кеңесі де келіп жетті. Міне, осындай маңызды мәселелер кезінде қала, аудандарда қарбалас туып, жұмыс қауырт болып кетеді.
Түркістан облысы Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, оған аудан әкімінің салалық орынбасарлары мен аудан әкімі аппаратының басшысы, ауылдық округтер мен кент әкімдері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе жылу беру маусымына дайындық шаралары талқыланды. Ол бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәулет Құдайбергенов хабарлама жасап, жұмыс барысына жан-жақты тоқталды.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов бөлімнің атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері жөнінде баяндады.
Аудан басшысы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бұған дейін жылуға қатысты қойылған талаптарды егжей-тегжейлі талқылап, жүктелген тапсырмаға немқұрайлы қараған жауаптылардың мәселесі қаралатынын қатаң ескертті.
Аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Ұстаздардың бұл кеңесі жаңа оқу жылына білім ордаларының, педагогтар мен оқушылардың дайындығы ғана емес ескі жылды қортындылап жаңа оқу жылына жаңа міндеттер белгілейтін басқосу. Жыл санап емес күн санап зымырап бара жатқан заман көшінен қалып қоймай үшін қай мемлекетке болсын бірінші кезекте бәсекеге қабілетті, озық технологиялар мен ғылым жаңалықтарын меңгерген, электроникалық, цифрлық технологияларды, жасанды интеллектті игерген жан-жақты білімді де тәрбиелі жас толқынды оқытып шығару маңызды. Сондықтан да тамыз кеңесінде осындай мәселелер қаралып, оны жүзеге асыру жолдары белгіленеді.
Дәстүрлі түрде өткізілетін тамыз кеңесіне арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков барша ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Ауданда өскелең жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі тың істерге тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ тамыз кеңесі – ұстаздар арасында дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес, білім беру ісіндегі кемшіліктерді саралап, алдағы міндеттерді талқылайтын маңызды басқосу екендігін айтып өтті. Білім саласын дамытуда қосқан елеулі үлестері үшін білікті ұстаздарды марапаттап, құрмет көрсетті.
Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев хабарлама жасады. Білім саласы бойынша өткен оқу жылында жеткен жетістіктерді баяндап, биылғы оқу жылының ерекшеліктері мен өзекті мәселелерге тоқталды.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарды марапаттады.
Шара аясында ұстаздар қауымына «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі, Түркістан облысы әкімінің арнайы «Алғыс хаты», Созақ ауданы әкімінің, Түркістан облыстық мәслихаттың, аудандық мәслихат аппаратының, облыстық білім басқармасының алғыс хаттары және облыстық кәсіподақ комитетінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісі мен «Құрмет грамотасы» табысталды.
Шараға жиналған қонақтар «Мыңжылқы» мәдениет үйінде қойылған кітап көрмесін, жергілікті жастар құрастырған роботтар мен жобаларды тамашалады.