БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІН БІРЛЕСІП ҚОРҒАУ НӘТИЖЕ БЕРЕДІ

0
62

Мемлекеттің «Қауіпсіз қоғам» жобасының басты ұстанымы — азаматтардың амандығы. Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің басты байлығы — адам, оның өмірі мен қауіпсіздігі екені тайға таңба басқандай айқын жазылған. Ендеше осы қоғамның бір бөлшегі — балалардың да қауіпсіздігі басты назарда болмақ. Бұл ретте Түркістан облысының Полиция департаменті қызметкерлері ел болашағы, жеткіншектердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етіп, тәртіпті күшейтуге, қоғам тыныштығын қырағы қадағалауға барынша күш салып келеді.
Бұдан бөлек, «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы бойынша облыста алты категория бойынша, яғни, камера, турникет, күзет, қоршау, дабыл батырмасы және әжетханаларды реттеу үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралып отыр. Бұл жұмыстар балалардың қауіпсіздігі мен қамқорлығы үшін жасалынып жатқан қызметтер. Ішкі істер органы білім басқармасымен, атаналармен де бірлесіп жұмыс атқару, түсіндіру арқылы мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігін сақтауға ерекше назар аударып отыр.
Жаңа оқу жылы басталған –Білім күні Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов пен Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетұлы №28 мектеп-лицейіне келіп, ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Мектепке кіргеннен бастап, балалардың қауіпсіздігі үшін жасалған құрылғылар пысықталды. Оқу ордасына кіріп-шығу үшін арнайы жасалған балалардың алақаны сканерленген құрылғы мен «SOS» батырмасының қызметін қадағалады.
Сонымен қатар мектеп мұражайын аралады. Одан әрі мерекелік іс-шараға қатысып, бүлдіршіндердің әзірлеген ән шашуы мен билерін, оқуға қатысты көріністерін поэзиямен жеткізді. Сондай-ақ сыныптарды аралап, оқушылармен тілдесті. Олармен сурет салып, дайындаған өнерлерін тамашалады.
Оқу жылы басталғанға дейін Түркістан облысында 500 мыңға тарта оқушыға жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізілді. Алғашқы қоңырау мерекесіне орай рейдтік-профилактикалық шараға облыс бойынша 1200-ге тарта полиция қызметкері, 127 қызметтік автокөлікпен жұмылдырылып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысты..
Облыстың бас полицейі бала қауіпсіздігі — басты орында екенін ескерген түркістандық полицейлер жыл бойы балалардың амандығы үшін қауіпсіздік шебінде қызметте болатынын жеткізді.
Мысалы, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты іс-шараларды жүргізу арқылы беймезгіл уақытта көшеде жүретін балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ата-анасына табыстауда да тәртіп сақшылары қырағы қызмет атқарып келеді. Өнімді жүргізілген жұмыс пен қатаң бақылаудың арқасында түнгі уақытта көшеде жүрген, ойын-сауық орталықтарында қыдырған 198 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, тиісті шара қолданылды. Өзінің тұрғылықты мекен-жайынан тысқары шығып, ойын-сауық орталықтарында, көпшілік орындарда жүрген 4 358 жасөспірімнің ата-анасы балаларын рұқсатсыз түнгі уақытта жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік арқалап, айыппұл салынды. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді түнгі мезгілде ойын-сауық орталықтарына кіргізуге жол бергені үшін 104 мекеменің иесіне да айыппұл салынып, хаттама толтырылған. Құқық бұзушылыққа бейім тұратын 427 кәмелетке толмаған жасөспірім мен бала тәрбиесінде немқұрайдылық танытып, ата-аналық борышын лайықты атқара алмай жүрген 268 қолайсыз отбасы есепте тұр. Осындай тұрақты жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысында жалпы есептік мерзімде тұрған жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын қылмыс айтарлықтай нақтырақ айтқанда 11,6 пайызға төмендеген.
Түркістан облысында жазғы каникул кезінде лагердегі балалардың қауіпсіздігін сақтау, тәртіпті қадағалау мақсатында облыстық Полиция департаменті лагерь жетекшілерімен де тығыз байланыс орнатып, бірлесе қызмет атқарады. Яғни жасөспірімдер баратын әр лагерьдің тыныштығын күзетіп, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлері кезекшілікпен бақылау жұмыстарын жүргізеді.
Түркістан облысында 4-17 жас аралығында 729 мыңнан астам бала бар. Олардың 267 мыңнан астамы спорттық үйірмелерге тартылған. Оқушылардың құқығын қорғау, оларды жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.