ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ТҰРАҚТЫ ДАМУ КЕПІЛІ

0
58

Мемлекет басшысы ұлт денсаулығын сақтау мәселесіне ерекше назар аударып, мемлекет тарапынан атқарылуға тиісті шараларды сапалы атқарып, денсаулық сақтау саласын үнемі жетілдіріп, халықтың денсаулығын нығайту мәселелерін ұтымды шешуді тапсырып келеді. Күн кешегі қазақстандықтарға жаңа Жолдауында да Ел басшысы «Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек» деп республикадағы денсаулық сақтау саласын жетілдіруге нұсқау берді.
Түркістан болысында тұрғындардың денсаулығын сақтау мен нығайтуға байланысты жұмыстар жоспарға сай тұрақты атқарылып келеді. Облыс әкімі денсаулық саласына инвестиция тарту, бюджеттік қаржыларды тиімді пайдалану арқылы ең озық медициналық құрал-жабдықтар жабдықтау, денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттарының жағдайын жақсарту, дәрігерлердің біліктілігін арттырып, медициналық қызмет көрсетудің деңгейін көтеру мәселелерін нәтижелі шешуді қадағалап отырады.
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан орталығында орналасқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Аудан басшысы алдымен аудандық емхананың жайымен танысып, халық денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстардың барысын пысықтады.
Аралау барысында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Әбдімәлікұлы емхананың негізгі бағыттары мен медициналық құрал жабдықтармен қамтылуы туралы айтып өтті.
Аудандық емхана жайы 2016 жылы пайдалануға берілген. Республикалық бюджет есебінен салынған нысанда ауысымына 250 адам қабылдай алады. Бүгінде емхана ғимаратының сыртқы қабырғалары түсіп, ішкі бөлмелерінің едендері тозған. Мекеме жайына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттамалары әзірленуде.
Аудан басшысы аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту және аурушаңдықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттарды мерзімінде тиісті орындарға ұсынуды, сондай-ақ мекеме ауласындағы көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыруды жауапты сала басшыларына тапсырды.
Мұнан соң аудан әкімі аудандық орталық ауруханада болып, ем алушыларға көрсетілетін стационарлық қызмет сапасын жақсарту жұмыстарымен танысты. Аудандық орталық аурухана тәулік бойы жұмыс атқаратын 171 және күндізгі стационарда 145 төсек орыны бар. Оның ішінде терапия бөлімі 40, балалар бөлімі 22, перзентхана бөлімі 15, гинекология бөлімі 8, хирургия бөлімі 14, жұқпалы аурулар бөлімі 25, оңалту бөлімі 21 төсек орынымен қамтылған. Ем алушыларға 118 дәрігер, 386 медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді. Ем алу бөлімдері заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.
Аудан басшысы аралау кезінде бас дәрігерге елдің болашағы халықтың саулығына байланысты екенін жеткізе отырып, ауруханадағы әрбір ем алушыға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беруді тапсырды.