ПОЛИЦИЯ МАЙТАЛМАНЫНЫҢ ЕСІМІМЕН СЫНЫП АШЫЛДЫ

0
68

Мемлекет басшысы қазақстандықтарға биылғы Жолдауында «Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық.
Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды» деп әр азаматтан бастап қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің Ел дамуындағы маңызын атап өтті.
Түркістан облысында құқық қорғау саласында халықтың және мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау мен сақтауға бар күшін салып, жанын да пида етуге дайын құқық қорғаушылар аз емес. Өз өмірлерін өзгелер үшін қатерге тігіп, азаматтар мен қоғам тыныштығы үшін бел шешпей еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының қызметі шын мәнінде айтуға, мақтануға тұрарлық.
Биыл дәл осындай көзсіз ерлік иелері – Қазақстан полициясының құрылғанына 32 жыл.
Жетісай қаласындағы «М.Горький» атындағы №1 мектеп-гимназиясында ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бейбіт тұрғындардың тыныштығын күзетуде ерен еңбек етіп, Ішкі Істер органдарында қызмет өткеру кезінде қаза тапқан полиция полковнигі Серікбаев Әбдіғаппар Бердіқұлұлының есімін өскелең ұрпаққа өнеге ету мақсатында «Полиция сыныбы» ашылды.
Жетісай аудандық білім бөлімі мен ішкі істер органдарының ұйымдастырумен, білім алушыларды мейірбандық пен ізгілікке, мемлекеттік ой-өріс рухында, жауапкершілікті өз мойындарына алуға дайын болатын, бастамашыл, дербес, жедел көсбасшылық қасиеттері бар, білімді, мәдениетті, ақылды, көзқарастары кемел, үлкен істерге қабілетті етіп дайындау мақсатында ашылып отырған сыныптың салтанатты лента кесу рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облысы полиция депертаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқаров Мақсат Нұрқожаұлы, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Адайбеков Шохан Жолдасбекұлы мен облыстық ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанәділ Құмарбеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Сапарбеков Адилбек Әбдіраймұлы мен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сакен Досымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбет, Әбдіғаппар Серікбаевтың отбасы мен ағайын-туыстары қатысты.
«Отанды сүю – өз еліне адал берілгендік. Оған қалтқысыз қызмет ету – оның мүдделері мен қауіпсіздігін қорғау. Отанды қорғау ісіне ардагерлеріміздің үлгісімен әрқашан дайын болып, намыс туын жоғары ұстау баршамыздың міндетіміз.
Тек қана оңтүстік өңіріне ғана емес күллі республикаға, қала берді алыс-жақын шет елдерге ҚАПАШ есімімен танылған Әбдіғаппар Бердіқұлұлының есімімен аталатын сыныпта білім алатын оқушылардың да нағыз елжанды, іскер, жаңашыл болып қалыптасатынына күмәнім жоқ» деген аудан басшысы мен қонақтар жас полицейлерге куәлік тапсырды.
Әр күнін елдің тыныштығы мен бейбітшілігін күзетуге арнаған Әбдіғаппар Бердіқұлұлы 1958 жылы 28 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданына қарасты Таубай ата ауылында дүниеге келген. 1975 жылы қазіргі Н.Оңдасынов мектебін тәмамдап, 1976-1978 жылдары Мәскеу қаласында әскери борышын өтеген. Еңбек жолын Жетісай мақта зауытында қарапайым жұмысшыдан бастап, 1984-1991 жылдары аудандық тұтынушылар одағында дайындаушы, цех бастығы, жеміс-жидек базасының директоры және аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарған. Өндірістен қол үзбей, 1990 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің филология және экономика факультетін, 1997 жылы Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің заң факультетін бітірген. Құқық қорғау саласындағы қызметін қорғаушы болып бастап, аудан прокурорының көмекшісі, Жетісай Ішкі Істер бөлімінің анықтау бөлімшесінің бастығы, іріленген Мақтарал аудандық ішкі істер басқармасы бастығының жедел істері жөніндегі орынбасары, 1998-2003 жылдары Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында қаржы полициясы басқармасының және Мақтаарал аудандық Кеден бекетінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарып, 2003 жылы Мақтаарал аудандық ішкі істер басқармасының бастығы болып тағайындалып өмірінің соңына дейін қызмет атқарған.
Айта кетейік, Әбдіғаппар Серікбаев құқық қорғау саласында еңбек ете жүріп ішкі істер органдарының кешегісі мен бүгіні, қызығы мен шыжығы жайлы, өмір, тәрбие мен өнеге жайлы бірнеше кітаптарды жарыққа шығарған азамат.