ҚОҒАМДЫҚ ҮЙЫМДАРМЕН КЕЗДЕСІП, ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Мемлекеттің қарыштап дамуында қоғамдық ұйымдардың өзара түсіністігі, халықтың бірлігі мен ынтымағы, қоғамдағы ахуалдың тұрақтылығы үлкен рөл атқарады. Сондықтан да Мемлекет басшысы елімізде қазақ халқымен бірге өмір сүріп жатқан этностардың өзара бірлікте, түсіністікте болуын, қоғамдық ұйымдардың салиқалы мәселелермен айналысуын, тұрғындардың жергілікті билікпен қарым-қатынасын реттеудің маңыздылығын айтып, осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырған. Соған орай Түркістан облысында этностар мен қоғамдық ұйымдармен және тұрғындармен тұрақты байланыста болып, қарым-қатынас жасау, диалог арқылы түсіністікте жұмыс жүргізу жолға қойылған.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ ауылдық округіндегі «Қамқорлық» орталығында аудандық «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен этнос және қоғамдық ұйымдармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты.
Жиынға «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев, аудандық өзбек-этно мәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова, «Әжелер алқасының» төрайымы Райхан Полатова, этнос және зиялы қауым өкілдері қатысты.
— «Бірлік — береке бастауы» демекші, елдің бірлігін ұйыстыруда сіздердің көмектеріңіз қажет. Ауызбіршілігіміз мықты болса, берекеміз молаяды. Өздеріңізге қарасты ауылдарда елді ынтымақ, бірлікке шақыруда, жастар тәрбиесіне қатысты мәселелерді алға тартып, насихат жұмыстарын жүргізуге ықпал етсеңіздер. Алдымызда көптеген жоспарлы жұмыстар күтіп тұр. Ауданның экономикасын көркейтіп, халықтың әл-ауқатын көтеру кезек күттірмейтін мәселе», — деді Мақсат Асылбекұлы.
Кездесуде барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Жиында ақсақалдар өздерінің ұсыныс пікірлері мен мәселелерін ортаға салды. Еркін форматта өткен кездесуде түрлі бағытта жастар тәрбиесі, той мәдениеті, елді ынтымаққа шақыруда ауызбіршіліктің болуы тағыда басқа көптеген мәселелер айтылды.
Сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орай Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың жеке қабылдауына ауыл тұрғындары келіп, түрлі жеке мәселелерін жеткізді. Қабылдауға дербес бөлім және тисіті мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Бабайборған ауылдық округінің тұрғыны Бақытжан Мамбетов тұрғын үйінің құжаттарын рәсімдей алмай жүргендігін және С.Қожанов көшесіндегі жарықтың нашарлығын айтса, Шорнақ ауылының тұрғыны Ботакөз Жакеева үй іргесіне құрылыс жүргізген, алайда заңсыз салынған құрылыс деп айыппұл салынған, осы мәселені шешіп беруін алға тартты.
Ескі Иқан ауылдық округі Ақнұр Мұхаева тұрғын үй кезегі бойынша мәселесін айтса, Шаға ауылдық округінің тұрғыны Гүлнар Маманова тұрғын үй алуға көмек беруін сұранды. Сонымен бірге, Шорнақ ауылының тұрғыны Ұлбосын Тайжанова жұмысқа орналастырып беруін, Үшқайық ауылдық округінің тұрғыны Ерғали Тілеубергенов тұрғын үйіне көгілдір отынды кіргізіп беруін жеткізді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жеке қабылдауға келген ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша қолдау көрсетіп, шешу бағытында ұсыныстарын айтып, тиісті шешім қабылдап, заң шеңберінде орындалуына ықпал ететін болды.