ТІЛ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ, БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ, ДОСТЫҚТЫҢ ДӘНЕКЕРІ

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — Қазақ тілі. Ол бодандық жылдарында солақай саясаттың кесірінен теперіш көріп, беделінен айрылып, мемлекеттік тіл функциясын толық атқара алмай қалды. Кейін егемендік жарияланған соң ғана мемлекеттік тіл ретінде қайтадан қалпына келтіріліп, жаңғыртылу жолын бастады. Бүгінде еліміздің Мемлекеттік тілі беделін жиып, басрлы қазақстандықтардың тіліне айналып келе жатыр. Өйткені, мемлекеттің тіл туралы саясаты сындарлы болып отыр.
Тіл – ұлттың қазынасы, достықтың кілті, бірліктің бастауы. Өздеріңізге белгілі осыдан 35 жыл бұрын – 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Ал мереке 1998 жылдан бері атап өтіледі. Сол жылдың 22 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне байланысты бұл мереке 2017 жылы Үкімет қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылды.
Түркістанда Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған «Тіл – ұлт қазынасы» атты іс-шара өтті. Мерекелік жиында сөз алған Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев көпшілікті атаулы мерекемен құттықтап, ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтауда сындарлы тіл саясаты үлкен маңызға ие екенін айтты.
Сондай-ақ, мәртебелі тілді ұлықтаған шараға қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов қатысты. Мерекелік шарада мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға атсалысқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Сондай-ақ, Тілдер мерекесіне орай аудандық «Мәдениет үйінде» салтанатты іс-шара өтті. Арнайы ұйымдастырылған шара кітап, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесін тамашалаумен басталып, аудандық мәдениет үйінің өнер ұжымдары мен әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты. Түрлі тілдегі ұлттық әндер шырқалды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов пен маслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, тіл саясатының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, этнос өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, мәдениет және білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Ордабасы ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған “Ауылым алтын бесігім” өнер фестивалі Бөржар ауылдық округінде жалғасын тапты.
Бөржар ауылының ардагерлері аудан орталығында болып, Темірлан монументі, Шәмші Қалдаяқов атындағы аллея, «Этноауыл», «Темірлан» спорт кешенінің құрылысы, Самал-3 мөлтек ауданындағы коммуналдық тұрғын-үй құрылысы мен Аббасов көшесі бойындағы аббаттандыру жұмыстарымен танысып, Құртай каналы бойындағы демалыс аймағын аралады.
Арнайы ұйымдастырылған ауылшаруашылық өнімдері, қолөнер бұйымдары және ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады.
Ауыл ақсақалдарына арналып әзірленген мерекелік дастархан басында аудан әкімі ауылдың тыныс-тіршілігімен қоса, зиялылардың ел әлеуетін арттыруға қатысты бірқатар ұсыныс пікірлерін тыңдап, ел ағаларының батасын алды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев бөржарлықтарға жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, ауданның 60 жылдығы аясында ел игілігіне сүбелі үлес қосқан азаматтарға алғыс жариялап, сый-құрмет көрсетті. Шара мерекелік концертке ұласып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.