ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

0
56

Мемлекет басшысы жергілікті билік пен тұрғылықты халық арасындағы қарым-қатынастың нәтижелі болуы әкімдердің тұрғындармен кездесіп, атқрылған және атқарылар істері туралы баяндап, халықтың айтар тілегі мен ескертпе, ұсыныстарын тыңдауы және жоспарлы түрде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініш-арыздарын, талап-тілектерін, ұсыныс-ескертпелерін заң аясында шешіп отыруды жолға қоюды талап еткен еді. Соның арқасында соңғы жылдары жергілікті әкімдер халықпен жиі кезедсіп, олардың талап-тілегін тыңдап, жеке қабылдаулар өткізіп, онда азаматтардың өтініштерін қарап халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып келеді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасы аясында аудан тұрғындарын толғандыратын мәселелер мен қажеттіліктерін түсіну мақсатында аудан әкімі тұрақты түрде жеке қабылдау өткізеді. Аптаның сейсенбі күндері аудан әкімдігі ғимаратының қабылдау бөлмесінде ұйымдастырылатын қабылдауда аудан басшысы Төлеген Телғараев әрбір азаматпен жеке сөйлесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, проблемаларына назар аудара отырып, шешу жолдарын қарастырады.

Бүгінгі өткен жеке қабылдауға келген Алтынбастау елді мекенінің тұрғыны М.Байтанов алдағы кездесуде ауылға ауыз су жеткізу мәселесін көтергенін, аудан әкімінің тапсырмасымен құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттары дайындалғанын айтып, алғысын жеткізді. Қазіргі кезде ЖСҚ құжаттары негізінде құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаржыландыру бағытында бюджеттік комиссияға ұсынылуда.

Қаратөбе ауылдық округ тұрғындары А.Салыбеков жеке кәсіпкерлік саласын жүргізу мақсатында иелігіндегі жердің мақсатын өзгертуді сұранса, Қ.Сейдалиев мал бордақылау алаңын салу үшін арнайы жер телімін бөлуге ықпал етуді өтінді.

Жеке кәсіпкер А.Сахов әлеуметтік желіде жарияланған мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, қоқыс тастаушы мекеме басшысы ретінде полигонның тарифіне қатысты сұрақтар қойды.

Ауданда орын алған су тасқынынан зардап шеккен 6 отбасы 2012 жылы Алатау мөлтек ауданынан коммуналдық үйлер алды. 12 жыл бойы мемлекет меншігіндегі үйлерді паналаған азаматтар атынан келген Г.Морозова баспананы жеке меншікке рәсімдеуді өтінді.

Қала тұрғыны М.Шатақбаева тұрғын үй ауласында арнайы қоршау орнатып, көлік тұрағына арналған гараждың сыртқы келбетін жөндеп беруге көмек сұрады.

Киелітас елді мекенінің тұрғыны И.Абдуллаев иелігіндегі жердің нысаналы мақсатын өзгертіп, балық шаруашылығын дамыту үшін қосымша 1,5 га жер бөлуді өтінді.

Көксәйек елді мекенінің тұрғыны С.Ешенқұлова әлеуметтік мәселелерін сөз етіп, электр жарығының тарифіне қатысты сала мамандарынан кеңес алды.

Қарауылтөбе елді мекенінің М.Бағысбаева бастаған бір топ тұрғындары елді мекендегі әрбір үйге жеткен табиғи газды қосу мәселесін көтеріп, Бадам өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпірді жөндеуді сұранды.

Бірінші Мамыр ауылдық округ тұрғыны А.Темиров Тағайна елді мекенінде құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылына пайдалануға берілетін білім ошағына баратын жолға тас төсеуді сұранды.

Әрбір өтініш хаттамаға тіркеліп, ол бойынша жұмыстар жүргізілетінін айтқан аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы жауапты сала мамандарына тапсырмалар берді. Заңға сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көтерілген мәселелердің орындалуы бақылауында болатынын айтты.