ЖАСТАР МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

0
51

Мемлекеттің Жастар саясатында жеткіншектерімізді, жастарымыздың дені сау ұрпақ болып қсуі үшін дене шынықтыру мен спортқа жастайынан ынталандыру қажеттігі айтылған. Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытумен бірге жастардың әуесқой спортпен тұрақты шұғылдануына да барлық жағдай жасалған. Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында облыс спортшы жасөспірімдері мен жастары бңрнеше жарыстарға қатысып, мерейлі жеңістермен оралды.

30 тамыз  — Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай  Жетісай ауданында жастар арасында  өткен «Спорт бізді біріктіреді» атты үстел теннисінен облыстық турнирде аудан жастары жүлделі орынға ие болды. Облыстық турнирге Түркістан қаласы, Созақ, Сарыағаш, Шардара, Келес және Мақтаарал, Жетісай аудандарынан келген жалпы 12 команда өзара бақ сынасты.Жарыс нәтижесі бойынша:

1-орын : Жетісай ауданының командасы, 2-орын:  Түркістан қаласы командасы, 3-орын: Сарыағаш ауданының командасы иеленіп, қаржылай сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды.

Жарыстың мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында достық қарым-қатынасты дамыту және бұқаралаық спорт түрлерін  қоғамда кеңінен тарату.

Сондай-ақ Ата заң мерекесі қарсаңында түркістандық спортшы жастар Қырғыз еліндегі әлем біріншілігінен және Ұлытау облысындағы ұлттық спорт жарысынан да жүлделі болып оралды.

Қырғызстан елінің Ыстықкөл облысы, Ыстықкөл ауданы, Чолпан-Ата қаласында 21-25 тамыз аралығында гір көтеру спортынан жастар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті.

Сайысқа 18 мемлекеттен 500-ге тарта спортшылар жиналып, гір тасын көтеру спорты бойынша өзара сынға түсті. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған созақтық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді.

Жарыс нәтижесі бойынша, жастар арасында серпе көтеруден 68 келі салмақта Баби Орынбасар мен жасөспірімдер арасында

58 келі салмақта Тілеген Өскен оза шауып, әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ Ергешбай Еркебұлан 58 келі салмақта жұлқа көтеруден жүлделі ІІ орынға тұрақтап, еліміздің мерейін үстем етті.

Жеңімпаз саңлақтарды спорт өнеріне баулып келе жатқан Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Мұрат Серікбаев Түркістан облысы бойынша тұңғыш Халықаралық дәрежедегі төреші атағын алып, бұған дейінгі жеткен жетістіктерін еселей түсті.

Биыл Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен ауылдық округінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Аталмыш ауылдың торқалы тойында жоғары деңгейде аламан бәйге ұйымдастырылды.

Жарыс жолына шыққан тұлпарлардың ішінен теріскейлік сәйгүліктер оза шапты.

Нұрбол Айдарұлының “Ботагөз” атты сәйгүлігі аламаннан, “Асылтас” атты тұлпары ұлы аламан 90 шақырымнан топ жарып, қос бірдей су жаңа автокөлікті иеленді.

Аламаннан ат терлетіп, жеңіспен оралған сәйгүліктердің бапкерлері мен ат жалында ойнаған шабандоздарды аудан әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Ниязәліұлы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов және ауыл жұртшылығы қарсалды. Қуанышты сәтпен бөлісіп, ізгі тілектерін арнады.

Аттардың бағымы мен бабын келтіріп баптаған Бәйділдаев Еркеғали сәйгүліктің шабандоздары Асылжан Төлеген мен Нұрдың еңбектеріне айрықша тоқталды.

Айта кетейік, алдағы уақытта алқалы жиындардың ажырамас бөлігі саналатын аламан бәйгеден топ жарған сәйгүліктердің иесін, бапкерлік құрамы мен шабандоздарды аудан басшысы арнайы қабылдайды.