«Мың өліп,мың бірінші мәрте тірілген»

Қазақ халқы өзінің егемендігін жариялап, тәуелсіздігін нығайтып келеді. Дербес мемлекеттің басты белгілерінің бірі –Конституциясы. Ол мемлекеттің дербестігімен қатар сыртқы, ішкі қатынастардағы, мемлекет пен азаматтардың қатынасындағы, басқа да мемлекеттің қауіпсіздігі мен дамуын қамтамасыз етудегі құқықтық нормалар мен заңдылықтардың жиынтығы. Сол себепті де Ата заңымыз даму мен демократиялық, ұлттық, жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырып, еліміздің бүгіні мен болашағының беріктігіне қызмет етуге арналған. «Тәртіпке бағынған құл болмас» дегендей қазақстандықтар конституциялық негізгі заңдарды басшылыққа алып, солардан туындайтын қолданыстағы заңнамаларды бұзбай, тәртіпке бағынып, заңдылықты сақтай білсе Мемлекетіміздің саяси-экономикалық дамуы, қоғамдық қатынастарда түсіністік болып еліміз барлық жағынан қарыштап дамып, әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қаратына қосылар еді. Ал халқымыздың өмір сүру деңгейі өсіп жайлы да қолайлы тұрмыс кешек еді. Міне, осындай жетістіктерге ұмтылыста рух беріп жігерлендіретін Ата заңымыздың атаулы күні бүкілхалықтық мереке ретінде бүкіл елімізде тойлануда.
Түркістанда да Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Айбары мықты – Ата Заң» мерекелік іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, облыс тұрғындарын мерекемен құттықтап, өңірдің жетістіктері туралы баяндап берді.
– Сіздерді еліміздің маңызды мерекесі – Конституция күнімен құттықтаймын! Бұл мереке – дербестігіміз бен даралығымыздың айғағы, елдігіміз бен ерлігіміздің байрағы. Мемлекеттігіміздің кешегісі мен келешегінің кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен өңірде ауқымды жобалар қолға алынды. Осы маңызды істерді атқаруға үлес қосып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін. Облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады және ауылды жерлерді қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты бағытымыздың бірі. Еліміз бұдан әрі дамуы үшін әрбір азамат Ата заңымыздың ұстанымын қатаң сақтай отырып, еңбек ете білуі тиіс. Бұл ретте, «Еңбек адамы» бейнесін насихаттау болашақ ұрпақ үшін таптырмас үлгі болары хақ. Ата заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін! – деді облыс әкімі.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шарада өңір басшысы бірқатар азаматтарды марапаттады. «Құрмет» және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі сынды мемлекеттік наградаларын табыстады. Сонымен қатар облыстың Құрметті азаматы атағын тапсырды. Оның ішінде қоғам қайраткері, Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш төрағасы, құрметті муфти Рәтбек қажы және мемлекеттік және қоғамдық қызметте еңбек сіңірген, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар бар.
Салтанатты жиын әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев, эстрада жұлдызы Айдар Тұрғамбек, «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрі, ҚР Мәдениет қайраткері Айжан Тәженова, «Turan Boys» тобы, Руслан Ахымбеков, Айзада Асылхан, Махмуд Уримбаев, Сұлтан Бекмырза, Сәндібек Аманов, Гүлзина Жақсылық,«Фараб» және «Бисұлтан» би ансамблі, «Jana lep!» өнер ұжымы, «АКА» балалар шығармашылық орталығы өнер көрсетті.
Түркістан облысы Полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында жеке құрам қызметкерлеріне «Ата Заңымыздың» жалпы тарихы бейнеленген хроникалық-деректі фильм көрсетілді. Отанға сүйіспеншілік, қызметтік борышқа адалдықты қалыптастырып, қызметкерлердің рухын көтеру мақсатында жасалған шараға департаменттің дербес, басқарма бөлімдерінің басшылары мен жеке құрамы қатысты.
Деректі фильмді тамашалаған тәртіп сақшылары тәуелсіздік алған жылдан, бүгінгі күнге дейінгі аралықта еліміз жүріп өткен жолдар, Ата Заңымыздың орнығуы, үстемдігі туралы хабардар болды. Ал Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Шамшат қызметкерлерді тәртіп пен заңдылықты ұстанып, әрдайым Ата заңымызға адал болуға шақырды.
«Конституция — біздің мемлекеттілігіміздің берік тірегі, негізгі Заң. Ол ел басшылығы жүргізіп жатқан ауқымды өзгерістердің сенімді іргетасы болып табылады. Патриотизм, әділдік, еңбекқорлық, ел мен отбасы алдындағы жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді бойға сіңіріп, халыққа қалтқысыз қызмет ете беріңіздер. Мереке құтты болсын!» — деп атап өтті.